Ұлыбритания заңсыз мигранттардың елге енуімен күреске тағы 100 млн фунт бөлмек

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияның Ішкі істер министрлігі Ла-Манш бұғазы арқылы елге заңсыз жолмен өтетін мигранттармен күресу үшін қосымша 100 миллион фунт стерлинг (130 миллион доллардан астам) бөлетінін жариялады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

заңсыз мигранттар
Фото: Азертадж

Бұл қаражатқа 300 жаңа қызметкерді жұмысқа алу және қажетті техникалық жабдықты сатып алу жоспарланған. 

Ішкі істер министрі Иветт Купер бұл шара Ұлыбританияға контрабандамен айналысатын топтарды жақсырақ қадағалап, оларға қарсы тиімді күрес жүргізуге көмектесетінін мәлімдеді. Алайда Консерваторлар партиясы бұл бастаманы «газет беттерінен көрінуге тырысқан, бірақ шын мәнінде ештеңені өзгертпейтін әрекет» деп сынға алды.

2025 жылдың шілде айының соңындағы деректерге сәйкес, 25 мыңнан астам заңсыз мигрант шағын қайықтармен Ла-Манш бұғазын кесіп өтіп, Франциядан Ұлыбританияға жеткен. Өткен айда Ұлыбритания мен Франция «бірі келсе – бірі қайтады» атты пилоттық бағдарламаны іске қосуға келіскен. Бұл бастама мигранттарды бұғазды кесіп өтуге итермелемеуді мақсат етеді. Аталған жоба шеңберінде Ұлыбританияға келген кейбір мигранттар Францияға қайтарылып, олардың орнына қауіпсіздік талаптарына сай келген сонша босқын Ұлыбританияға қабылданады.

Министрлік 100 миллион фунт арқылы шекара күзетін күшейтіп, Еуропа, Таяу Шығыс, Африка және басқа аймақтарда әрекет ететін контрабандалық желілердің басшыларын анықтау мен тергеуге көмек боларына үміт артады.

Бұдан бұрын Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер егер Израиль Газа секторындағы атысты тоқтатуға және ұзақмерзімді бейбітшілікке бағытталған нақты қадамдарға бармаса, қыркүйек айында Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін мойындайтынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар