Ұлытау облысында 25 сотталушы рақымшылыққа ілікті
ҰЛЫТАУ. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық Ұлытау облысында нақты жүзеге асырыла бастады. Бірқатар азамат толықтай бостандыққа шықса, кейбіріне жаза мерзімін қысқарту түрінде жеңілдік берілді.

Ресми деректерге сүйенсек, Ұлытау облысында рақымшылық заңын қолдануға 25 сотталушы ілігіп отыр. Олардың 5-еуі толық жазадан босатылады, ал 20 адамның жаза мерзімі қысқартылады. Бұл – сот шешімімен және әр істің ерекшелігін ескере отырып жүргізілетін процесс.
Рақымшылық – ізгілендіру шарасы. Ол тек жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандарға қатысты қолданылады. Әрбір іс жеке тәртіпте сот арқылы қаралып, шешім қабылданады. Бұл автоматты түрде емес, заң аясында, нақты мән-жайларды ескере отырып жүзеге асырылады.
Бүгінде Ұлытау облысында төрт сотталушыға қатысты материалдар сотта қаралып, жаза мерзімдері қысқартылған. Қалған мерзімі заң шеңберінде аяқталған деп танылып, олар жазасын өтеу орындарынан босатылды.
Естеріңізге сала кетейік, рақымшылық туралы заң Қазақстанның қылмыстық-саяси бағытын ізгілендіруге, сотталған азаматтарды қоғамға бейімдеуге және қылмыстық-атқару жүйесінің жүктемесін азайтуға бағытталған. Бұл заң Конституцияның 30 жылдығына орай қабылданған. Елдің барлық өңірінде арнайы комиссиялар құрылып, материалдарды сараптап, сотқа жолдау бойынша жұмыс атқарып жатыр.
Ұлытау облысында да рақымшылық рәсімі жалғасуда. Алдағы айларда заң талаптарына сәйкес келетін өзге сотталушылардың істері қаралып, шешімдер қабылданады.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында рақымшылық 500-ден астам сотталған адамға қатысты қолданылуы мүмкін екені хабарланған.