Ұлытау облысында перзентхана жоқ – Берік Әбдіғалиұлы

Ұлытау
Фото: видеодан алынды

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Jibek Joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында облыс бөлінгелі қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

«Біздің облыс Қарағанды облысынан бөлінгенде аяқталмай қалған бірнеше проблема болды. Биыл да шешілмеген мәселелер бар. Мәселен, Жезқазған қаласында 12 жылдан бері салынбай тұрған 320 орындық балабақша бар. Құрылысы бітпеген спорт кешені бар, онда екі мердігер соттасып жатыр. Теректі ауылында мектептің құрылысы аяқталмаған, Сәтпаев қаласында балабақша мен оқушылар сарайы, Ақтүбек ауылындағы спорт залы секілді орта жолда қалған жобалар көп», - деді Берік Әбдіғалиұлы.

Әкімнің айтуынша, Жезқазғанда облыс орталығы болмаған 25 жылда әлеуметтік нысандардан бір мектеп қана салынған. 

«Пандемия кезінде берілген модульдік аурухананы есептемегенде, басқа нысандар соғылмады. Мемлекет басшысының облысты бөлу туралы әділетті шешімі шыққанда халық қуанды. Жобалар басталуын басталған, бірақ соңында мердігерлер соттасып, таласып, сыбайлас жемқорлыққа байланысты тоқтатылған нысандар бар. Бірінші кезекте осыларды қолға алдық. Бір мектептің құрылысы проблемалық болғандықтан мүлдем алмадық, оны Қарағанды облысының өзі келесі жылы аяқтап беретін болды», - деді Б. Әбдіғалиұлы.

Сонымен бірге, әкім облыста балалар ауруханасы жоқ екенін, көптеген медициналық мекеме жабылып қалғанын баса айтты.

«Оларды қалпына келтіру үшін тағы 2-3 жыл уақыт қажет. Бірінші кезекте Үкіметке жүгініп, перзентхананың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп жатырмыз. Босанатын әйелдер көпсалалы аурухана ішіндегі бөлімге барады. Ал жаңа заманауи қондырғылары бар бөлек перзентхана ғимараты жоқ. Онкологиялық диспансер жоқ, бұл да ауру да артып келе жатыр. Бұл тек денсаулық саласы ғана. Қазір осының бәрін есептеу, құжаттарын дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Қаражатты Үкіметтен сұрап жатырмыз», - деді облыс әкімі.

Соңғы жаңалықтар