Ұлтаралық араздықты қоздыратын контентке қатысты жауапкершілік күшейтілді
АСТАНА. KAZINFORM — Сонымен қатар қоғамдық орындарда бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешек кигені үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленеді. Бұл туралы Мемлекет кеңесші Ерлан Қарин Telegram арнасында жазды.
Бүгін Президент мемлекеттік саясаттың «Заң және Тәртіп» іргелі қағидатын практикалық тұрғыда одан әрі іске асыруға бағытталған бірқатар заңға қол қойды.
Ерлан Қариннің сөзінше, атап айтқанда, құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы, құқыққа қайшы келетін контенттің таралуын шектеу мәселелері туралы нормалар бекітілді, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Заңнамалық жаңашылдықтарда:
— құқыққа қайшы келетін контентті, оның ішінде ұлтаралық және конфессияаралық араздықты қоздыруға бағытталған материалдарды орналастырып, таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу;
— қоғамдық орындарда тұлғаның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешек кигені үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу;
— балаларды олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға қатысты жаңа шаралар енгізу.
— Заңнаманы жетілдіру құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін қалыптастыруға, жалпы қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған, — деп жазды Ерлан Қарин.
Бұдан бұрын Президент Құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңды, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық бұзушылық профилактикасы және Қазақстан Республикасы заңнамасының жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойғанын жазған едік.