Ұлттар лигасы: Қазақстан әйелдер құрамасы Люксембургке есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы UEFA Ұлттар лигасында бүгін Люксембургпен кездесу өткізді.

Ел құрамасы Ұлттар лигасы С дивизионы үшінші тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары — Армения, Люксембург және Лихтенштейн.
Қазір аталған топта бес турдан кейін Люксембург 13 ұпаймен көш басында тұрса, одан кейінгі орындағы Қазақстанның 10 ұпайы болды. Ал Армения 6 ұпай еншілесе, Лихтенштейннің қоржыны бос.
Бұл ойынның екі құрама үшін маңызы зор еді. Жеңгені алдағы маусымда В лигасында бақ сынауға мүмкіндік алатын.
Кездесу барысында ойын басында қазақстандық құрама сапынан Қазына Нұрбаева 5-минутта алаңнан қуылды. Ол қақпашымен бетпе-бет шығуға жақын қалған қарсыласын құлатты. Соған қарамастан бірінші кезеңде қазақстандық футболшылар алға қарай ұмтыла түсті.
Нәтижесінде 15-минутта айып добын шебер орындаған Камила Жұмабайқызы өз құрамасын алға шығарды.
Екінші кезеңде люксембургтік футболшылар үш гол соғып кетті. Салдарынан Қазақстан әйелдер құрамасы қарсыласына 1:3 есебімен есе жіберді.
Осылайша Қазақстан әйелдер құрамасы өз тобында 10 ұпай жинап, екінші орынға жайғасты.
Ал 16 ұпай жинаған Люксембург өз тобында бірінші орын алып, алдағы маусымда В лигасында сынға түсетін болды.
Алғашқы екі ойында қазақстандық футболшылар Арменияға 0:2 есебімен жеңілсе, одан кейін Люксембургпен 2:2 есебімен тең түсті. Ал үшінші турда Лихтенштейнді 4:0 есебімен тізе бүктірсе, төртінші турда Армениядан 3:2 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ 29 мамырда ел құрамасы тағы да Лихтенштейнді 4:0 есебімен тізе бүктірді.