Ұлттар лигасы: Португалия Польшаны ірі есеппен жеңді

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан UEFA Ұлттар лигасы бесінші турының екінші ойын күні өтті.

ұлттар лигасы
Фото: sports.kz

Екінші ойын күнінде А лигасы бірінші тобында сынға түсіп жатқан Португалия өз алаңында Польшаны 5:1 есебімен тас-талқан етіп жеңді. Кездесу барысында Криштиану Роналду 72, 87-минутта қос голдың авторы атанды. Сондай-ақ Рафаэл Леау 59, Бруну Фернандеш 80, Педру Нету 83-минутта мергендік танытты. Оған польшалық футболшылар небәрі бір голмен жауап қайырды.

Аталған топта Шотландия құрамасы Хорватияны 1:0 есебімен жеңді.

Ал А лигасы төртінші топта Дания Испанияға 1:2 есебімен жол берсе, Швейцария мен Сербия 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Сондай-ақ С лигасы екінші тобында Кипр Литваны 2:1 есебімен жеңсе, Румыния мен Косово кездесуі бірінші кезеңнен кейін тоқтатылды.

С лигасы үшінші тобында Солтүстік Ирландия Беларусьті 2:0 есебімен тізе бүктірсе, Люксембург Болгарияға 1:2 есебімен жеңіліп қалды.

D лигасы бірінші тобындағы Сан-Марино мен Гибралтар 1:1 есебімен тең түсті.

Еске салсақ, аталған турнирдің В лигасы үшінші тобында ойнайтын Қазақстан құрамасы Аустриядан жеңіліп қалды.

Бүгін Ұлттар лигасында бесінші турдың үшінші ойын күні жалғасады.