Ұлттық авиация: Әлемдегі «тоғызыншы аспан» неге табыс көзіне айналмай тұр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан аспанын пайдаланудан түскен табыс елдің азаматтық авиациясын неге дамыта алған жоқ? Бүгінгі материалда осы сұраққа жауап іздемекпіз.
«Қазаэронавигация» Үкіметтің ерке баласындай
Қазақстан жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатынын, осы алып жердің қойнауы мен бетіндегі байлық халықтың игілігіне жұмсалу керектігін жиі айтамыз. Еліміз жер көлемінен ғана емес, аспанның көлемі бойынша да әлемде тоғызыншы орында тұр. Авиация, аэронавигация салалары дамып тұрған ХХІ ғасырда «ауадан ақша жасау», «аспаннан ақша жауғызу» деген тұрақты тіркестер тура мағынасында да қолданылады. Өйткені дамыған елдер өзінің әуе кеңістігін табыстың көзі етіп отыр.
Қазақстанды «Ұлы дала» деп әспеттейтін отандастарымыз бар. Авиация тіліне салсақ, бұл да шындықтан алшақ емес. Өйткені қазақ жазирасының жер бедері Чили, Непал сияқты ұшақтың өзі әрең еңсеретін алып таулардың құрсауында жатқан жоқ. Батысынан шығысына, солтүстігінен оңтүстігіне ұшақпен қатынауға қолайлы. Осының бәрін ескерсек, елдің әуе кеңістігінен де біраз табыс көруге болады.
Ауызды қу шөппен сүртуге келмес, Қазақстан аспанындағы әуе қозғалысын реттеп отырған «Қазаэронавигация» дейтін республикалық мемлекеттік кәсіпорын табысының бір бөлігін бюджетке аударып отырады. Алайда сол аударып отырған ақша көрсетілетін қызметтердің көлеміне сай ма? Мәселе осында.
Елімізде аптасына 54 маршрутқа 637 әуе рейсі қатынайды. Ал сыртқы әуе қатынасына келсек, апта сайын 591 рейс 29 елге 111 маршрутпен ұшып тұрады.
Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Ақтау, Семей, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Петропавл, Көкшетау, Түркістан және Ақтөбе қалалары 13 отандық әуежайда «ашық аспан» режимі жұмыс істейді. Мемлекеттік тізілімде 947 әуе кемесі тіркелген. Тұрақты коммерциялық тасымалдарға 96 ұшақ жұмылдырылған.
Ал «Қазаэронавигация» бақылайтын әуе кеңістігінің жалпы ауданы – 2 млн 757 мың 300 шаршы шақырым. Қазақстан 74 мемлекетпен әуе дәлізін орнатқан. Олардың арасын шартты түрде жалғаса 113 530 шақырым болады. Кәсіпорын осындай алып кеңістікте жылына орта есеппен 400 мыңнан астам әуе сапарына қызмет көрсетеді. Қауырт кезеңдерде тәулік сайын 1 320-дан астам әуе кемесін бақылайды. Бұл 400 мыңнан астам сапардың 100 мыңнан астамын Қазақстанның әуе компаниялары атқарса, қалған 300 мыңнан астамын шетелдік компаниялар атқарады. Демек, ел аспаны арқылы қатынап жатқан ұшақтардың 3\4 бөлігі біздің елге қонбайды. Ал әр ұшақтың елге қонғаны - қосымша қызмет, қосымша турист, қосымша кіріс.
Көлік министрлігінің мәліметінше, кейінгі 10 жылда «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бюджетке 67 млрд 494 млн 940 мың теңге аударған. Оның ішінде соңғы 5 жылда аударған 39,7 млрд теңгенің 38,6 млрд теңгесі 2023 жылы аударылған. Жалпы кейінгі 10 жылда «Қазаэронавигация» РМК-ның Қазақстан аспанында әуе қозғалысына аэронавигациялық қызмет көрсетуінен 870,1 млрд теңге түскен. Оның 527,9 млрд теңгесін өз шығыстарына жұмсаса, 78,8 млрд теңгесін корпоративтік табыс салығына төлеген. Сонда 10 жылда тапқан таза пайдасы - 263,4 млрд теңге деген сөз.
2023 жылы кәсіпорынға аэронавигациялық қызмет көрсетуден 184 млрд теңге түседі. Оның:
- 87,7 млрд теңгесі шығыстарға
- 19,1 млрд теңгесі корпоративтік табыс салығына жұмсалған
- таза пайда - 77,3 млрд теңге.
Демек, соңғы 10 жылда бюджетке таза пайданың 25,6 пайызын аударса, 2023 жылы жылдық 49,9 пайызын бағыттаған.
Бұдан «Қазаэронавигацияның» табысын тиімді жаратудың нақты регламенті жоқ па деген сұрақ туындайды. Табысты мемлекетпен бөлісудегі тұрақсыздық себебі неде?
Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорындардың таза табысынан республикалық бюджетке бөлінетін аударымдардың ең төменгi мөлшері Үкіметтің тиісті қаулысымен бекітілген. Бір қызығы - осы қаулыда жалғыз «Қазаэронавигация» кәсіпорнының аударым үлесі ғана нақты пайызбен көрсетілмейді. «Республикалық бюджет комиссиясының тиісті қаржы жылына арналған шешімімен мақұлданған мөлшерге сәйкес» деп белгіленген.
Ал қалған 13 саладағы кәсіпорындардың бәріне 15 пайыздан 50 пайызға дейінгі аралықта нақты мөлшерлеме белгіленген.
Үкімет аэронавигация мекемесіне неге «тоғыз ұлын бір төбе, Ер Төстігін бір төбе» санайтын Ерназардай ерекше қарайды деген сұрақтың туындауы заңды.
Шығыс бар, нәтиже жоқ
Кәсіпорынның ресми сайтында 2017-2022 жылдардағы қаржылық есептері жарияланған. Кәсіпорын көрсетілген қызметтерден:
- 2017 жылы 59,2 млрд теңге
- 2018 жылы 64,6 млрд теңге
- 2019 жылы 76,1 млрд теңге
- 2020 жылы 50,7 млрд теңге
- 2021 жылы 71,6 млрд теңге
- 2022 жылы 150,3 млрд теңге кіріс көреді.
Жинақтап айтсақ, пандемия қысқан 2020 жылдан басқа жылдардың бәрінде кіріс тұрақты түрде өсіп отырған.
Сөз басында дамыған елдердің өз аспанын табыс көзіне айналдырып отырғанын айттық. Мысалы, Германияның әуе кеңістігіндегі қауіпсіздікке жауапты DFS компаниясы (Deutsche Flugsicherung) 1993 жылы ғана федеративтік басқармадан жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылғанына қарамастан тиімді менеджменттің арқасында венчурлық құрылым деңгейіне көтеріліп кеткен. Аэронавигациялық кәсіпорынның жарғысына қарасақ, ол да - «Қазаэронавигация» сияқты коммерциялық емес ұйым. Соған қарамастан еншілес компаниялар мен инвестициялық құрылымдар арқылы жаһандық ұйымға айналған. DFS компаниялар тобы Германиядағы тоғыз өңірдің әуежайларындағы және Ұлыбританияның бір ірі әуежайындағы қозғалысты басқарады. Оның сыртында әскери авиация мамандарын даярлау, ұшқышсыз ұшатын аппараттар технологиясы сияқты түрлі қызметтермен айналысады.
DFS-тің мысалы сауатты әрі адал менеджмент болғанда елдің әуе кеңістігі дамудың қосымша көзі бола алатынын көрсетеді. Ирландия мен Канаданың, АҚШ пен Ұлыбританияның тәжірибесі де осыған ұқсас.
«Қазаэронавигация» кейінгі 10 жылда елдің әуе кеңістігінен түскен 870,1 млрд теңгенің 527,9 млрд (60,6 пайыз) теңгесін өз шығыстарына жұмсағанын айттық.
Бұл шығыстар азаматтық авиацияның инфрақұрылымын дамытып, навигация саласындағы озық технологияларды енгізуге жұмсалды ма? Биыл аталмыш компанияның құрылғанына 30 жыл толады. Жоғарыда германиялық DFS-тің 1993 жылдан бері (32 жылда) қандай жетістіктерді бағындырғаны айтылды. Ал «Қазаэронавигация» 30 жылда елдің авиация инфрақұрылымын қай жағына өзгерте алды?
Бұл сұрақтың жауабын 2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылымдық жоспардан алуға болады.
«Қазақстанда 18 халықаралық және 6 өңірлік әуеайлақты қоса алғанда, 24 сертификатталған әуеайлақ бар. Түркістан қаласының әуежайын қоспағанда, барлық әуежайлар кеңес заманында салынып, жабдықталған.
Астана мен Алматы қалаларын қоспағанда, Қазақстанның халықаралық әуежайларының көпшілігінде (Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Зайсан, Қостанай, Көкшетау, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей, Талдықорған, Өскемен, Үшарал, Үржар және Шымкент) әуеайлақтарды күтіп ұстау, ұшуға авариялық қызмет көрсету және әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету үшін арнаулы техника мен жабдық тапшылығы өткір болып отырғанын атап өту қажет.
Бұл ретте еліміздің әуежайларында пайдаланылатын арнайы техниканың шамамен 72%-ы 12 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді және тозған күйде, 20 жылдан асқан техника кеңінен қолданылады, қажетті техниканың жекелеген түрлері мүлдем жоқ.
Жалпы әуеайлақтарда жарақтандыру мен күтіп ұстау деңгейі жеткіліксіз, атап айтқанда, көпшілігі күрделі метеорологиялық жағдайларда және түнгі уақытта жұмыс істеу үшін қонуға дәл кіру жүйелерімен (жарықпен сигнал беру жабдығы, электр қуаты жабдығы, кабельдік желілер, жанармай құю кешендерінің инфрақұрылымы, арнайы техника) жеткіліксіз жабдықталған.
Бұдан басқа, әуеайлақтарды реконструкциялау, жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі жұмыстардың жиілігі мен көлемі белгіленген нормаларға сәйкес келмейді, бұл авиатасымалдардың қауіпсіздігі мен сенімділігін айтарлықтай төмендетеді.
Демек, жүк және жолаушылар легінің өсуіне қарай елдің өңірлік әуежайлары, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған әуежайларды жаңғырту орта мерзімді перспективада әуе транзитін дамытудың негізгі факторларына айналмақ».
Бұл - қандай да бір жеке сарапшының немесе журналистің пайымы емес, Премьер-министр Олжас Бектеновтің қолымен бекітілген ресми құжаттың мәліметі.
Көлік министрлігі елдегі 22 әуежайды инвесторлардың басқаруына беру процесін бастап кетті. Қостанай әуежайы бірнеше рет сатылымға шығарылғанымен әлеуетті инвесторлардың ешбірінің қызығушылық танытпауы біраз проблеманың бетін ашып тұр.
Бұл кемшіліктердің «авторы» кім және жауапқа тартыла ма? Бас көлік прокуратурасы мекеменің үстінен тексеру жүргізіп жатыр.
- Азаматтық авиация комитеті, «Қазаэронавигация» РМК қызметінде тексеру жалғасуда және оның нәтижелері туралы заңда көзделген барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін жұртшылыққа жеткізілетін болады, - делінген ресми сауалдың жауабында.
«Қазаэронавигацияның» жарғысы өзгертілуі мүмкін
Көлік министрлігі 2019 және 2020 жылдары Астана және Алматы әуе айлақтары PBN спутник сигналын қолдануға көшкенін мәлім етті. 2024 жылы Ақтау, Атырау, Шымкент, Үшарал және Өскемен қалаларындағы әуе айлақтары да осы жүйеге көшу керек болған. Ал биыл Үржар, Қызылорда, Жезқазған, Балқаш әуе айлақтарында (PBN) схемаларды енгізу жоспарланған. Бұл - өзге елдің технологиясын сатып алу деген сөз.
2011-2012 жылдары «Қазаэронавигация» мекемесінің алдынан Байқоңыр ғарыш айлағының арқасында өзгенің технологиясына телмірмей, халықаралық желі құрылтайшыларының бірі болу мүмкіндігі шыққан болатын. Әуедегі көлік қозғалысын ғарыштан басқарып сүйемелдеумен айналысатын Aireon компаниясы Байқоңыр ғарыш айлағының мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану үшін «Қазаэронавигацияға» өзінің 10 пайыз акциясын сатып алып, 8 алпауыт құрылтайшының бірі болуды ұсынған. Бірақ компания басшылығы мен Қазақстан Үкіметі ол ұсынысты жауапсыз қалдырған.
Ал жылына 2,2 млн әуе рейсіне қызмет көрсететін Ұлыбританияның NATS компаниясы 69 млн долларға (қазіргі бағаммен 36,6 млрд теңгедей) Aireon-ның 10 пайыз үлесін сатып алған.
Сарапшылар сол кезде британиялық компанияның бұл қадамын әуе қозғалысын жаһандық ауқымда бақылайтын тұңғыш революциялық технологияға қол жеткізу деп бағалады.
Қазір сол Aireon жерге жақын ұшатын 66 спутниктің көмегімен ұшақтың қай жерде келе жатқанын, әлемнің кез келген нүктесіндегі ұшақты кез келген нүктедегі диспетчермен онлайн режимде қоса алатын жүйенің қызметін ұсынып отыр. Бұл әуе сапарларының қауіпсіздігін ғана арттырып қоймай, отын үнемдеуге септік етеді, қоршаған ортаға ұшақтар тастайтын көмірқышқыл шығарындыларының көлемін азайтады.
Аталған ұтымды ұсынысты Қазақстан дер кезінде қабыл алғанда Ұлыбритания, Италия, АҚШ, Сингапур, Ирландия, Канада, Оңтүстік Африка сияқты елдермен бірге озық технологияның иесі болып отырар еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында алдағы 4 жылда Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай, Зайсан аудандарының, Маңғыстау облысындағы Кендірлі өлкесінің туризм саласындағы әлеуетін ұтымды пайдалану үшін үш әуежай салуды тапсырған.
Көлік министрлігінің бізге жолдаған мәліметіне сүйенсек, ол үш нысанның жақын жылдары қолданысқа берілуі екіталай.
- Қазіргі уақытта құрылысқа тапсырыс берушілер анықталмаған. Жұмыстарды сатып алу тәсілі және әуежайларды салу жөніндегі мердігерлер «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес айқындалатын болады, - деп жазылған жауапта.
Әуежайларды кімнің салатынын былай қойып, қай жерге салынатыны да әлі анықталмаған дейтін дерек бар.
- Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында әуежайлар салу жобасынан бұрын, жер учаскелерін таңдау және құрылыс жұмыстарын қаржыландыру мәселелерін жан-жақты зерттеу қажет еді. Катонқарағай мен Зайсан таулы аймақтарда орналасқандықтан, мұндай аэродромдарға ICAO тарапынан қосымша талаптар қойылады.
Менде бар мәліметтерге сүйенсек, облыс әкімдіктері ұсынған жер учаскелерін Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі мен Азаматтық авиация комитеті мақұлдамай отыр. Әуе айлақтарын салу үшін орналасқан жері мен таңдауын жасау үшін ұлттық стандарттардың болмауы себеп болып тұр, - дейді белгілі авиатор Абыл Кекілбаев.
Жалпы бұл жобаның айналасында жауабы жоқ сұрақ көп. Сарапшылардың арасында Кендірлі әуежайына 50 млрд теңге, Зайсан және Катонқарағай аудандарындағы әуежайларды салуға 60 млрд теңге жұмсалатыны туралы бейресми мәліметтер айтылып қалып жүр. Ол қаражат қандай көзден алынатыны да әлі беймәлім.
- Президент Жолдауындағы тапсырманы орындау аясында әуежайлар құрылысын «Қазаэронавигация» РМК қаражаты есебінен қаржыландыру мәселелері қаралып жатыр, - делінген министрлік мәліметінде.
Әуежай құрылысына қаржы бөлу кәсіпорынның Жарғысына қайшы. Министрліктің бұл ұстанымын Үкімет мақұлдаса, «Қазаэронавигацияның» Жарғысын өзгерту керек болады деген сөз.
- Жарғыға сәйкес кәсiпорынның құрылтайшысы - Қазақстан Республикасының Үкiметi. Осылайша, «Қазаэронавигация» РМК жарғысына өзгерістер енгізу қажет болған жағдайда, бұл өзгерістерді мемлекеттік органдар енгізуі мүмкін, - деп жазады министрліктегілер.
Ал мұны бюджеттік процестерді айналып өтіп, «бір көзден сатып алу» тәсілі арқылы ақша игерудің ең қарабайыр жолы деп қарастыруға болады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан халқының неше пайызы азаматтық авиация қызметін тұрақты түрде пайдаланатыны жазылған болатын.