Ұлттық банк алаяқтар пайдаланатын қосымшаларды атады
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк қазақстандықтарды Ұлттық банктің атын жамылып қоңырау шалатын алаяқтардан сақ болуға шақырды.
— Ұлттық банк азаматтарды абай болуға және қоңыраулардың, сұратулардың, хаттар мен хабарламалардың дәйектілігін міндетті түрде тексеруге, сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеуге, белгісіз адамдардың шотына ақша аудармауға, HopToDesk, RustDesk, RUDesktop, AnyDesk, TeamViewer және басқа да қашықтан басқарылатын қосымшаларды орнатпауға шақырады.
Ұлттық банк қызметкерлері аудио және видеоқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, түрлі инвестициялық пай қорлары мен қаржы өнімдеріне қаржылық салым салуды ұсынбайтынын, ақша құралдарын сақтандырумен айналыспайтынын, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырысу жүргізбейтінін еске саламыз, — деп жазады реттеуші органның ресми сайты.
Ұлттық банктің дерегінше, мемлекеттік органдар, екінші деңгейлі банктер, коммуналдық, медициналық мекемелер мен пошта қызметтерінің атынан сілтемеге өтуді сұрайтын жасырын электрондық хаттар мен жалған SMS-хабарлар қосымша қауіп тудырып отыр.
— Ондай сілтемеге өтсе немесе қосымшаны жүктесе, қаскөйлер мобильді құрылғыға, парольдерге, банк картасының деректеріне және басқа да жеке ақпараттарға қол жеткізеді, — делінген ресми мәліметте.
Алаяқтардан қорғану үшін Ұлттық банктің Байланыс орталығына немесе 1477 қысқа нөміріне хабарласуға болады.
Бұған дейін AITU PASS арқылы жасалған алаяқтыққа байланысты BTS компаниясы пікір білдірген болатын.