Ұлттық банк сарапшылары доллар бағамы мен инфляцияға қатысты болжамын өзгертті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Ұлттық Банкі 2026 жылғы қарашадағы макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады. Нарық сарапшылары алдағы жылдары доллар бағамы, инфляция және базалық мөлшерлеме қалай өзгеретініне қатысты болжамдарын ұсынды.
Сауалнамаға Қазақстандағы макроэкономикалық көрсеткіштерді талдап, болжайтын кәсіби қатысушылар, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер қатысты.
Ұлттық банктің мәліметінше, сауалнама нәтижелері реттеушінің болжамы емес, нарық қатысушыларының тәуелсіз бағалары мен күтулерін көрсетеді.
Доллар бағамы қандай болады?
Сарапшылардың болжамынша, 2026 жылы доллардың орташа жылдық бағамы 472 теңге болады. Қазан айындағы сауалнамада бұл көрсеткіш 479 теңге деп бағаланған.
Ал 2027 жылға арналған болжам 499,6 теңгеден 489,8 теңгеге дейін төмендеді. 2028 жылы доллардың орташа бағамы 510,4 теңге болады деп болжанып отыр. Бұған дейінгі болжам — 527,1 теңге.
Инфляция мен базалық мөлшерлеме
Сарапшылар 2026 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 9,1 пайыз болады деп күтеді. Қазан айындағы болжам 9,5 пайыз болған.
2027 жылға арналған инфляция болжамы 8 пайызға (бұған дейін 8,3 пайыз), ал 2028 жылға арналған көрсеткіш 7 пайызға (6,9 пайыз) өзгерді.
Базалық мөлшерлемеге қатысты болжам да нақтыланды. Сарапшылардың бағалауынша, 2026 жылдың соңында ол 15,8 пайыз, 2027 жылы 13,4 пайыз, ал 2028 жылы 10,8 пайыз болады.
Қазақстан экономикасының өсімі
Сарапшылар 2026 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,6 пайызға өседі деп болжап отыр. Қазан айында бұл көрсеткіш 4,8 пайыз болған.
2027 жылға арналған болжам өзгеріссіз қалды — 4,7 пайыз. Ал 2028 жылы экономикалық өсім 4,5 пайыз болады деп жоспарланып отыр.
Brent маркалы мұнайдың орташа жылдық бағасына қатысты болжам 2026 жылы барреліне 93,3 доллар, 2027 жылы 80 доллар, 2028 жылы 75 доллар деңгейінде қалды.
Сонымен қатар сарапшылар 2026 жылы тауарлар мен қызметтер экспорты 101 млрд доллар, импорты 83,8 млрд доллар болады деп бағалаған. 2028 жылға қарай экспорт 97,3 млрд долларға дейін төмендеп, импорт 91,7 млрд долларға дейін өседі деген болжам бар.
Айта кетейік, Ұлттық Банк макроэкономикалық сауалнаманы 2022 жылғы тамыздан бері жүргізіп келеді. Ол базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер қабылданар алдында жылына кемінде төрт рет өткізіледі.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк Қазақстандағы инфляцияны 2028 жылы 5%-ға дейін төмендететінін хабарлағанбыз.