Ұлттық дәстүр жаңғыртылды: Павлодарда қымызмұрындық тойланды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ақсу қаласының мәдениет және демалыс саябағында ежелгі қазақ салтына негізделген қымызмұрындық мерекесі кеңінен атап өтілді.

Мерекенің шымылдығын қазақтың ұлттық «Қосбасар» биімен «Айгөлек» үлгілі би ансамблі ашты. Кейін С. Дөнентаев атындағы мәдениет сарайының ұйымдастыруымен жергілікті өнерпаздар мен «Асыл мұра-Ақсу» қоғамдық бірлестігі, «Қазақ аналары — дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің әжелері театрандырылған қымызмұрындықтың көрінісін көрсетті.

Мерекеге Ақсу қаласына қарасты алты ауылдық округінің белсенді, шебер, өнерпаз тұрғындары атсалысып, қонақтарға қазақ салт-дәстүрінің атмосферасын сыйлады.
— Әр ауыл 20 литр қымыз бен бауырсақтар әкелді. Қала тарапынан 40 литр қымыз дайындалып, 30 келі бауырсақ пісірілді. Пайдалы әрі емдік қасиеті бар сусын мен ыстық бауырсақтар тұрғындарға таратылды. Бірақ ең басты мақсат — қарын тойдыру емес, жаңғыртылған дәстүрді көрсету болды, — дейді Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медғат Манапов.

Бие сүтінің адам ағзасына аса пайдалы екені мәлім. Дәруменге бай қымыздың әзірлену жолдары да әртүрлі. Әсіресе Арқаның бал татыған қымызын ыстықта шөліңді қандырып ішкенге не жетсін! Бір қызығы бүгінде Ертіс-Баян өңірін мекен еткен әртүрлі ұлт өкілдері үшін қымыз достық сусынына айналғандай. Оның қасиетін, пайдасын өзгелер жоғары бағалайды. Жаздың алғашқы күндерінде өтетін «Қымызмұрындықты» асыға күтіп, арқа-жарқа болып қалатыны да содан.

— Қымызмұрындық дегеніміз — мамырдың аяғы — маусымның бас жағында жасыл шөп өсіп келе жатқанда биелерді байлап, алғашқы қымыз ішудің рәсімі. Саумал — денсаулыққа ең қажетті, керек сусын. Қымыздың түр-түрі бар. Ащы қымыз деп 4-5 күн тұрып қалған қымызды айтады. Ал бал қымызға тәтті заттар қосады, — дейді «Қазақ аналары — дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақсудағы төрағасы Шәмшия Құсайынова.
Бұған дейін Қазақстанда қымыз бен шұбат бағасы қанша тұратын жазғанбыз