Ұлттық электронды кітапхананы 227 мыңнан астам оқырман пайдаланды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасын пайдаланушылар саны жыл басынан бері 227 446 оқырманға жетті. Авторлардың рұқсатымен жүктелген құжаттар көрсеткіші 329 485 болса, жалпы материалдар 1 408 540 рет қаралды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті. 

кітапхана
Фото: Александр Павский / Kazinform

Ұлттық электронды кітапхананы әлемнің әртүрлі елдеріндегі пайдаланушылар да қолданады. Олардың қатарында Қытай, Ресей, АҚШ, Вьетнам, Өзбекстан, Түркия, Нидерланд, Франция және Қырғызстан мемлекеттерінен тіркелген оқырмандар бар. 

Ведомствоның мәліметінше, кітапхана қоры 64 тілдегі 84 664 құжатты құрайды. Оның ішінде түрлі бағыттағы кітаптар, мақалалар, газет-журналдар, диссертациялар, нота және аудио-видеолар мен архивтік құжаттар жинақталған.

ҚазҰЭК – қазақстандық мазмұндағы кең көлемді ақпараттар ұсына алатын тұңғыш мемлекеттік кітапхана порталы. Порталдың ерекшелігі – көру қабілеті бұзылған жандарға бейімделіп жасалуында. Кез келген пайдаланушы порталға тіркелусіз толық мәтінді құжаттармен таныса алады.

Айта кетейік, кітапханаларға келушілер саны 57 млн-ға жетті.

Соңғы жаңалықтар