Ұлттық ғылым академиясы отандық ғылымды қалай дамытады

Ақылбек Күрішбаев
Фото: Kazinform
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Астана қаласының жетекші ғалымдарымен кездесті және академияның алдағы жұмыс жоспары туралы айтып берді.

2022 жылы Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық мерейтойлық сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев академияға мемлекеттік мәртебе беріп, рөлін арттыруды тапсырған болатын. Өткен айда ҚР Ұлттық ғылым академиясының жаңа басшысы лауазымына Ақылбек Күрішбаев тағайындалды.

«Қазір ғылыми қоғамдастықта «Қазақстандық ғылымды дамытуда Президент жанындағы жаңадан құрылған Ұлттық ғылым академиясы қандай рөл атқарады?» деген сауал орынды қойылып отыр.Біз ең алдымен, ежелден қалыптасқан ғылымды басқару жүйесін теңселтіп алудан сақтануымыз керегін түсінуіміз қажет. Яғни, бұл арада академия ғылыми мекемелерді бір ведомстводан екіншісіне ауыстырып, тек нұсқау беретін екінші мемлекеттік уәкілетті органға айналмауы керек. Қазіргі жаңарған академияның өзіндік бірегей миссиясы бар, ол ғылымды басқару саласында кеткен жүйелі олқылықтардың орнын толтыруды көздейді», - деді Ақылбек Күрішбаев Nazarbayev University ғимаратында өткен кездесуде.

Оның айтуынша, академияның жаңа миссиясының негізін құрайтын бірнеше алғышарттар бар: отандық жетекші ғалымдардың күш-жігерін бір арнаға біріктіру, ҚР ғылыми-техникалық даму бағыттарын барлық мүдделі тараптардың сындарлы талқылауы үшін жағдай жасау.

«Академия талантты жастарды тартумен қатар, экономика мен қоғамның дамуына елеулі интеллектуалдық үлес қосуға қабілетті, тәжірибелі ғалымдардың басын қосатын ғылыми орталыққа айналуы қажет. Академияның негізгі міндеттерінің бірі – ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын анықтау. Елдегі ғылымды дамытудың басымдықтары қалай анықталатынын және технологиялық жағынан дамыған елдердің тәжірибесімен салыстырсақ, біздің елде ғылым саласы қаржыландыруды бөлуге көбірек тәуелді екенін байқаймыз, әрі оның нәтижесі мемлекеттің қажеттіліктеріне емес, ең алдымен ғалымдардың мүмкіндіктеріне негізделеді», - дейді академия президенті.

А. Күрішбаев ғылымның барлық салаларын конкурстық негізде қаржыландырудың үш жылдық мерзіміне сүйенген бір үлгідегі тәсіл әсіресе іргелі зерттеулердің тиімділігінің төмендеуіне әкеп соққанын айтты.

«Қазақстан – әлемдік экономиканың тұтас бір бөлігі. Халық санының жоғары өсу қарқынын және ел алдында тұрған ауқымды міндеттерді ескере отырып, қазіргі қазақ ғылымы ең алдымен прагматикалық бағытқа айналуы тиіс. Бұл бағытта Академия жаңа ғылыми инновацияларды экономиканың нақты секторында қолданудың тиімді тетіктері аясында ұсыныстар енгізеді. Алып территориясы бар ел үшін аймақтық ғылымды дамыту өте маңызды. Ал бұл жұмысты жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізуіміз керек», - деді Ақылбек Күрішбаев.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum