Жарамсыз болып қалған үш АН-26 ұшағы сатылымға шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазарнаулыэкспорт» кәсіпорны үш жарамсыз (сынған) АН-26 ұшағын аукцион арқылы сатуға шығарды.

Аукцион 11 маусым күні сағат 11:00–де өтеді және ол бағаны көтеру қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Әр лоттың бастапқы бағасы — 11 миллион теңге. Барлық әуе кемесі Алматы облысындағы Боралдай кентінде орналасқан.

Бағалау қорытындысына сәйкес, ұшақтар қазір пайдаланылмайды және күрделі жөндеуді қажет етеді. Әуе кемелері жарамсыз күйде деп танылып, металл (утиль) ретінде бағаланған.
Сондай-ақ ұшақтарды сатып алушы пайдаланылмайтын мүлікті алу-сату шарты бойынша лоттың сату бағасының 15%-ы мөлшерінде сатушыға комиссиялық сыйақы төлеуге міндетті. Бұл төлем алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуі тиіс.

Одан бөлек сатып алушы тауарды баланс ұстаушының аумағынан өз күшімен және жеке қаражаты есебінен сатушыдан рұқсат алу туралы хабарлама жіберілген күннен бастап 30 жұмыс күнінен кешіктірмей әкетуге міндетті.
Айта кетсек, жыл басынан Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция және прокуратура органдарымен бірлесіп 12 автомат, 41 тапанша, 75 мылтық, 36 граната және әртүрлі калибрдегі 1 603 оқ-дәрі тәркіледі.
Еске салайық, бірер күн бұрын Президент ұлттық қауіпсіздік органдары қызметінің бағыттары бойынша ҰҚК төрағасына бірқатар тапсырма берді.