Ұлттық киім мен әшекей сатып алмақ болып алданған ақтөбеліктер кәсіпкерді қамауға алуды сұрады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қазір күдікті үйқамақта отыр. Ал алданған ақтөбеліктер ақшасын даулап, тергеу сотына барды.
Алданған ақтөбеліктер полицияға шағым түсіріп, Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалды. Алғашында 8 адамның өзі 72 млн теңгесінен айырылғаны туралы айтылды. Алайда жәбірленуші саны одан да көп. Кейбірі өзінің алданғанын, ақшасынан айырылғанын ашық айта алмай отыр. Олар Ақтөбе облыстық сот ғимаратындағы тергеу сотына барып, кәсіпкерді қамауға алуды сұрады.
- Біз Ақтөбе облыстық мамандандырылған тергеу сотынан шықтық. Бірінші тергеу сотының қаулысына келіспей «Бөрте» дүкенінің иесі, күдіктіні қамауға алуды сұрап отырмыз. Алайда Ақтөбе облыстық мамандандырылған тергеу соты да прокурордың, жәбірленуші тараптың өтінішін қанағаттандырмады. Қаулыға келіспейміз. Себебі алданғандар арасында мүгедектігі бар адамдар, көпбалалар аналар, несие алған адамдар бар,- деді қорғаушы.
Жәбірленушілер тергеу жұмыстары кезінде де күдіктіні қамауға алуды сұрап отыр.
- Дүкеннің әлеуметтік желідегі парақшасынан «инвестиция салу арқылы сыйлық алуға болады» деген жарнама шықты. Сол кезде кеңсеге бардым. Олар күмістен жасалған әшекей бұйымдарын сатпайды. Тек белгілі бар сомада инвестиция салып, үш немесе алты айдан кейін сыйлыққа береді. Дәл солай көп адам алданды. Өзім шығынды айтқым келмейді. Алданғанымызды білген соң бір-бірімізді әлеуметтік желі арқылы тауып, ортақ чат құрдық. Онда 125 адам отыр. Ең көбі 150 млн теңгесінен айырылған. Ең төмені 1-2 млн теңге болады. Жалпы шығынымыз 3 млрд теңгеге жуықтайды. Біздің талабымыз – қамауға алынсын, ақшамызды қайтарсын. Бұл бір адам емес, ұйымдасқан қылмыстық топ. Оның жанында інісі мен келіні, сіңлісі, апасы, қызы бар. Олардың бәріне ақша аударылды,- деді жәбірленуші Гүлзат Бөгебайқызы.
Ал Альмира Тәжіғарина болса алғашында тек күмістен жасалған әшекей бұйымдарын сатып алмақ болды. Алғашында 500 мың теңге апарып, үш айдың ішінде ақшасын алды, күміс бұйымдары сыйлыққа берілді. Бұл екі жыл бұрын болған оқиға. Биыл тағы 500 мың теңге салып, ұлттық нақыштағы екі киімді және ақшасын қайтарды.
- Кешегіде 2 000 000 теңге ақша салдым. Одан кейін хат та, хабар да жоқ. Телефонына хабарласқанда көтермеді. Яғни алғашында адамдарды алдап, кейін қайтармайтын болып тұр. Қазір дүкенінде зат та жоқ. Ең болмаса тауарын алайын деп едім. Ол ақшаны 9-маусымға дейін қайтарамын деген еді. Инвестициялық дүкен, қазіргі заман талабы деген соң сендім,- деді ол. Альмира Тәжіғаринаның айтуынша, кәсіпкер адамдарға ақша алғаны туралы қолхат берген. Онда жеке куәлік және ЖСН нөмірін жазып, мөр басқан.
Бізге инвестиция саласыздар деп айтты. Ал қолхатта «қарызға ақша алдым» деп жазылған. Арамызда несие алып, ақша салғандар бар. Сонда несие алып, оны қарызға бергеніміз бе? Бізді алдаған,- деді жәбірленуші Гүлзат Бөгебайқызы.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. Полиция тағы да алданған адамдар болса Ақтөбе қаласы полиция басқармасына, яғни, Сәңкібай батыр даңғылы 24Р мекенжайы келіп, арыз жазуды сұрады.