Ұлттық ұлан курсанты оқулық жазып шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық ұлан курсанты кәсіби имидж қалыптастыруға арналған оқулық әзірледі. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясында тың идея жүзеге асып, болашақ офицерлердің кәсіби қалыптасуына бағытталған маңызды ғылыми еңбек жарық көрді. Академияның 4-курс курсанты Александр Карпенко «Педагог-психологтың кәсіби болмысын қалыптастыру технологиясы» атты оқу құралының авторы атанды.
Бұл еңбекті ол педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Амангелді Имановпен бірлесе дайындаған. Оқу құралында болашақ офицерлердің кәсіби қызметіне қажетті дағдыларды қалыптастыруға арналған әдіснамалық негіздер, сонымен қатар диагностикалық құралдар үлгілері қамтылған.

Еңбек қазіргі уақытта магистранттар арасында апробациядан өтіп жатыр. Аталған оқу құралы авторлық құқықпен қорғалған және педагогика мен әскери дайындықтың тоғысқан тұсындағы өзекті мәселелерді зерттейтін мамандар үшін бағалы әдістемелік ресурс болмақ.
Александр Карпенко — Шымкент қаласының тумасы. Бала кезінен әкесі сияқты әскери қызметші болуды армандаған ол бүгінде академияда автомобильмен қамтамасыз ету саласы бойынша командалық-тактикалық мамандықта білім алуда. Енді оның есімі әскери педагогика мен психология саласындағы жас ғалымдар қатарынан орын алуы әбден мүмкін.
Бұған дейін хабарланғандай, Ұлттық ұланның әскери қызметшісі самбодан Азия чемпионатында алтын алды.