Ұлттық ұлан сарбазын пойыз тамбурында ұрып-соққандар ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Жедел-тергеу іс-шаралары нәтижесінде Ұлттық ұланның мерзімді қызметінің бұрынғы әскери қызметшісін ұрып-соғуға қатысы бар адамдардың орналасқан жерлері анықталды.
«Жәбірленушіге дене жарақатын келтірген екі күдікті, яғни оның бұрынғы қызметтестері тұрғылықты жері бойынша бір тәулік ішінде Астана қаласында ұсталды. Екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу аясында барлық күдіктілерден жауап алынды.
Олардың әрекеттеріне, соның ішінде бейнетүсірілім жасаған адамға да құқықтық баға беріледі», — деп мәлімдеді ІІМ-нен.
Тергеу әрекеттері жалғасуда.
Айта кетейік, кеше Президент белгісіз адамдардың Ұлттық ұлан сарбазын пойыз тамбурында ұрғаны таспаланған бейнематериалмен танысып шыққанын, артынша ІІМ-не шұғыл тапсырма жүктегенін жазған болатынбыз.
Сонымен қатар пойыздағы әлімжеттік былтыр сарбаздар әскерден қайтып бара жатқанда болғаны анықталды.