Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ұлттық ұланның әскери қызметшілері сайлауға белсенді қатысып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай сайлауында дауыс беруге ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері белсенді қатысып жатыр. Ұлттық ұланның 36 учаскесінде дауыс беру басталды.

Ұлттық ұланда дауыс беру басталды
Фото: ІІМ Ұлттық ұлан

Әскери бөлімдердің аумағында 36 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Бұл ұландықтарға қызмет өткеру орны бойынша тікелей дауыс беруге мүмкіндік берді.

Сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков дауыс берді. Ол таңғы сағат 6:00–де елордалық 5573 әскери бөлімінің аумағында орналасқан № 266 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.

Ұлттық ұланда дауыс беру басталды
Фото: ІІМ Ұлттық ұлан

Бас қолбасшы өз үлгісімен әр азаматтың ел болашағына жауапкершілікпен қарап, оны айқындауға белсенді қатысуының маңызын көрсетті.

Дауыс беруге офицерлер, келісімшарт бойынша және мерзімді әскери қызметшілер, олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ Ұлттық ұлан ардагерлері қатысып жатыр. Көптеген жас сарбаз алғаш рет дауыс берді. Ұландықтар арасында туған күнінде сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасағандар да болды.

Ұлттық ұланның жеке құрамы маңызды қоғамдық-саяси науқанға қатысуымен қатар, өзіне жүктелген қызметтік-жауынгерлік міндеттерін орындауды жалғастырып жатыр. Күн сайын еліміздің 21 қаласында 7 мыңнан астам әскери қызметші қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметіне жұмылдырылған. Сайлау өтетін күні және дауыс беру аяқталғаннан кейін де ұландықтар тұрақты әрі қауіпсіз жағдайды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

Бұған дейін Қостанайдағы ҚР Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімінде орналасқан № 27 сайлау учаскесінде 300-ден астам әскери қызметші дауыс беріп жатқандығы жөнінде хабарладық.