Ұлттық жоба — ұлы мақсат: Энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртудың ауқымды жоспары
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы күні кеше «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Осы орайда биыл басталған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының негізгі бағыттарын тағы бір шолып шығу ләзім. Әрі бұл саладағы қазіргі ахуалды да бір бағамдап алған жөн.

Жоғарыда айтқан заң Жер, Кәсіпкерлік, Азаматтық процестік, Әлеуметтік және Су кодекстеріне, сондай-ақ 23 заңға түзетулер енгізді. Түзетулердің бірінші блогы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Бұл салада қордаланған мәселе шаш етектен. Мәселен, 2022 жылы 5 қарашада Риддер қаласының ЖЭО-сында күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, соның салдарынан № 1 қазандық блогындағы қосалқы жабдық жұмысы тоқтатылды. Төтенше жағдай жарияланып, 22 мың абонент қақаған аязда жылусыз қалды.
2022 жылдың 26 қарашасында Екібастұз ЖЭО-сында бір қазандық жұмысы тоқтады. Артынша тағы үш қазандық істен шығып, 145 мың тұрғыны бар қала түгелдей жылусыз қалды. 28 қарашада төтенше жағдай жарияланды.

2023 жылдың желтоқсанында Қазақстанның Степногорск, Екібастұз, Ақтау, Балқаш, Теміртау, Риддер, Жаңаөзен, Көкшетау және Жезқазған қалаларындағы жылу жүйелерінде апат болды.
Мұндай апаттардың болуы да заңды секілді. Себебі еліміздегі инженерлік желілердің басым бөлігі КСРО кезінде салынған. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын жамап-жасқап қолданып келген, ал шын мәнінде олардың әбден тозығы жеткен. Кейбір желілердің қолданылып келе жатқанына тіпті 30 жылдан асқан. Осы жағдайлардың бәрі елімізде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының әзірленуіне басты себеп болды.
Биыл еліміздің барлық өңірінде 2025–2029 жылдарға жоспарланған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырыла бастады. Бұл — еліміздің тәуелсіздік тарихындағы ең ауқымды жоба.
Мәселелі «мұра»
Бүгінде елімізде электрмен жабдықтау желілерінің орташа тозуы — 76%, ал электр станцияларының негізгі жабдықтарының тозуы — 56,8%. Сондай-ақ станциялардың үштен бірі 70-90% аралығында тозған.
Ең жоғары тозу көрсеткіші ЖЭО-лар мен МАЭС-терде байқалады: 14 электр станциясында тозу көрсеткіші 80%-дан жоғары, 21 станцияда — 60-80% арасында. Апаттардың көбі тозуы 80%-дан асқан станцияларда болады.
Өңірлік электр желілік компанияларда (ӨЭЖК) да жағдай күрделі. 6 компанияда тозу деңгейі — 85-97% (шекті деңгей), тағы 6 компанияда — 65-85%. Бұл апат болу ықтималдығы мен энергиямен қамтуды бұзылу қаупін арттырады.
2023 жылдың басында қалалардағы жылу желілерінің ұзындығы — 12,1 мың км деп есептелді, оның 6,7 мың километрін ауыстыру қажет. Орташа тозу көрсеткіші — 55%, қажетті инвестиция көлемі шамамен 2,2 трлн теңге.
Әкімдіктердің мәліметінше, 83 табиғи монополия субъектісі (ТМС) 74 қалада жылумен қамту қызметін жүзеге асырады: 61 коммуналдық кәсіпорында — 10,2 мың км (тозуы — 52%), 22 жеке субъектінің балансында — 1,9 мың км (тозуы — 70%) желі бар.
Кейбір нысандарда тозу деңгейі 90%-ға жеткен. Мысалы, Семей ЖЭО-сына 91 жыл толған (1934 ж. іске қосылған), Қарағандыдағы ЖЭО-2 іске қосылғалы 64 жыл (1961 ж.) болған.
Риддер, Шемонаиха және Арқалық қалаларында төрт субъектінің (Риддер қ. әкімдігіне қарасты «Водоканал» ШЖҚ КМК, «Шемонаиха су арнасы» ЖШС, «Арқалық ТЭК» МКК, «Рябинина Е.Ф.» ЖК) 52 км желісі 25 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді, бұл пайдалану мерзімінің қалыпты көрсеткішінен әлдеқайда көп.
Сумен жабдықтау инфрақұрылымының орташа тозуы — 40%. Көптеген су құбырлары 30 жылдан астам уақыт пайдаланылған. Кейбір өңірлерде су құбыры желілері мен нысандарының тозуы — 50%-дан асқан.
Қалаларда сумен қамтуға қолжетімділік — 98,9%, ауылдарда — 96,6%.
Кәріз жүйесінде желілердің тозуы мен тазарту нысандарының жай-күйі аса өзекті мәселенің бірі. Әсіресе ірі қалалар мен өнеркәсіптік аудандарда су бұру желілеріне артық жүктеме түседі, ал бұл жүйелер ағынды судың қазіргі көлеміне төтеп бере алмай отыр.
Кәріз желілерінің ұзындығы — 17,6 мың км, орташа тозуы — 56%.
Елімізде су бұру және кәріз-тазарту жүйелері нысандарының тозуы 50%-дан асады, кейбір нысандарда бұл көрсеткіш 70-80%-дан жоғары. Соның салдарынан ескі тазарту нысандарына үлкен жүктеме түседі, бұл әсіресе халқы тығыз және өнеркәсібі дамыған аймақтарда санитарлық нормалардың бұзылуына және экологиялық жағдайдың нашарлауына әкеледі.

Ұлттық жобаның негізгі бағыттары
Саладағы жағдайды түзеу мақсатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторлардың жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасын қабылдады. Жобаның мақсаты — энергетикалық және коммуналдық секторлардың қолданыстағы активтерін жаңарту, соның ішінде кемінде 200 табиғи монополия субъектісі мен 30 жылу электр орталығын жаңғырту. Осылайша апаттық деңгейін 20%-ға төмендету, ал активтердің тозуын ел бойынша орташа есеппен 40%-ға дейін қысқарту жоспарланып отыр.
Жобаны іске асыру үшін кемінде 13 трлн 588 млрд теңге қажет:
- энергетикалық секторға — 6208 млрд теңге;
- коммуналдық секторға — 6778 млрд теңге;
- автоматтандыру және құрылғымен жабдықтау секторына — 602 млрд теңге.
2025-2029 жылдар аралығындағы субсидия көлемі — 1 480 млрд теңге. Бұдан кейін 10%-дан жоғары сыйақы мөлшерлемесінің айырмасы займ мерзіміне қарай субсидияланатын болады.
Жоба аясында 4 негізгі бағытты іске асыру көзделген. Мәселен:
- энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту және салу;
- энергетика және коммуналдық секторлардың инвестициялық тартымдылығын арттыру;
- ішкі құндылықты арттыру;
- тарифтер көтерілген кезде халықтың шығындарын өтеу тетіктерін әзірлеу және енгізу.
ЭКСЖ жобасының 5 міндеті:
- энергетика және коммуналдық секторлардың инфрақұрылымын (желілері мен объектілерін) жаңарту және салу;
- кешенді цифрландыру бағдарламасын әзірлеу және енгізу;
- тұрақты жән қолжетімді қаржыландыру механизмін құру;
- отандық тауар өндірушілердің (ОТӨ) өнімдерін мейлінше пайдалануды қамтамасыз ету;
- тарифтік жүктеменің халық шығындарына әсерін реттеу.

Цифрландыру және ақылды технологиялар
Қазақстанда инженерлік және коммуналдық инфрақұрылым нысандары (жылумен қамту, сумен жабдықтау, кәріз, электр желілері) тозу деңгейі мен апат туындау қаупіне қарай үш топқа бөлінеді: қызыл, сары және жасыл. Алайда бұлай жіктеу ылғи да жағдайды нақты бейнелей бермейді. Одан мынандай қиындықтар туындайды:
- жедел бақылауды әлсіретеді;
- жаңғырту мен жөндеу бойынша бірыңғай стратегияны қалыптастыруға;
- инфрақұрылымның сын көтермейтін бөліктеріне қаржыны дер кезінде бағыттауға кедергі келтіреді;
- тозу деңгейі мен жаңғырту қажеттілігі бойынша толық түсінік болмайды.
Мәселе инфрақұрылымның жай-күйі мен ұзындығы туралы деректердің жеткілікті деңгейде интеграцияланбауы мен жүйеленбеуінен туындайды. Есеп жүйесі 124 түрлі тексеру арқылы валидациядан өтсе де, ол инфрақұрылымның нақты жай-күйін әрдайым дәл көрсете бермейді. Сондықтан бастапқы деректердің сапасы — аса маңызды нәрсе.
Екіншіден, Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының Автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде (МҚК ААЖ) қалалар мен аудан орталықтарының инженерлік инфрақұрылымдары бойынша деректердің тек 86%-ы ғана цифрланған. Нысандардың нақты жай-күйін біліп отыру үшін бұл көрсеткішті арттыру керек. Ал ірі елді мекендердегі осындай цифрландыру жұмыстары тек 2025 жылдың соңында ғана аяқталады.
Үшіншіден, қазіргі уақытта ауылдар мен бірқатар қалалардағы желілер біртұтас жүйеге кірмеген. Сондай-ақ, жеке меншік желілер мен шағын қуатты нысандар да есепке алынбаған.
Желілерді есепке алу мәселесін шешу үшін қажет:
- коммуналдық желілер бойынша барлық деректерді, соның ішінде ауылдық аумақтар мен шағын қуатты нысандар жайлы мәліметтерді 2025 жылдың соңына дейін цифрландыруды аяқтау керек;
- деректердің нақтылығы мен өзектілігін арттыру, ақпаратты тұрақты жаңартып және тексеріп отыру, жеке желілер мен шағын нысандарды қоса есепке алу керек;
- инфрақұрылымның жай-күйін есепке алу және мониторинг жасау бойынша міндетті стандарттар әзірлеу және енгізу керек;
- барлық субъектілерді, соның ішінде жекеменшік иелерін, инженерлік инфрақұрылым бойынша деректерді МҚК ААЖ-ға енгізуге міндеттеу керек.
Жылумен қамтудағы Smart Metering жүйесі
Smart Metering жүйесі жылу энергиясын тасымалдау және тарату кезіндегі шығындарды (бүгінгі таңда шығындар 42%-ға дейін жетеді) азайтуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде қаржылық шығындарды қысқартуға септігін тигізеді, басқару және коммуналдық қызметтердің жұмыс тиімділігін арттыру процестерін оңтайландырады, жылумен қамтушы ұйымдар жұмысының тиімділігін арттырады, есептеу дәлдігін арттырып, тұтынуды бақылауды жақсартады, апаттық жағдайларда жедел әрекет етуге жол ашады, көрсетілетін қызметтердің сенімділігі мен сапасын едәуір жақсартады.
Электр энергетикасындағы Smart Grid жүйесі
Smart Grid жүйесі энергияны беру және тарату кезіндегі шығындарды азайтады, шығындарды есепке алудың дәлдігін және бақылаудың жеделдігін арттырады, сектордың тиімділігі мен ашықтығын арттырады, шығындарды қысқартады.
Smart Grid элементтерін енгізуді жалғастыру қажет, олар: Электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі (ЭКЕАЖ), қосалқы станцияларды мониторингтеу жүйелері, геоақпараттық жүйелер, жүктемені автоматтандырылған басқару және апаттық жағдайлар кезінде электр желілерін қалпына келтіру жүйелері.
Сумен жабдықтау және су бұрудағы Smart Water жүйесі
Smart Water жүйесі су ресурстарын басқарудың ашықтығын арттырады, қызмет көрсету сапасын жақсартады, сумен жабдықтау және су бұруды бақылауды жақсартады, желілерді пайдаланудың тиімділігін арттырады, пайдалану шығындарын төмендетеді, елдің бүкіл аумағында сумен жабдықтау мен су бұруды тиімді басқаруға кешенді шешім ұсынады, апаттық жағдайларға жедел жауап беруге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта елімізде су шығындары 14%-ға дейін жетеді. Телеметриясы бар есеп жүйесінің және әртүрлі дереккөздерден алынған ақпаратты біріктіру мүмкіндігінің болмауы нақты шығындар мен тұтынуды бақылауды қиындатады.
Smart Water технологияларын енгізу келесі элементтерді қамтиды: судың сапасын автоматтандырылған басқару жүйелері, геоақпараттық жүйелер, сорғы станцияларын қашықтан басқару жүйелері, тұтынуды болжауға арналған болжамдық аналитика жүйелері және сумен жабдықтауды автоматты басқару жүйелері.

Қордаланған мәселе шешімін табады
Ұлттық жоба аясында КСРО кезінен мұра боп қалған коммуналдық секторлар жаңартылады. Ескі желінің орнына жаңасы салынады, жаңа жұмыс орындары құрылады. Нәтижесінде халықтық энергетикалық және коммуналдық секторларға деген сенімі артады. Халық сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі таңда жылу, электр энергиясы, сумен жабдықтау және су бұру салаларында қызмет көрсететін 87 монополист кәсіпорындағы энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейі 65%-дан 100%-ға дейін жеткен. Осыған байланысты Жобалық кеңсеге инженерлік желілер тозуын 40%-ға дейін төмендету және электр энергиясын өндірудің жаңа көздерін (қосымша 7,3 ГВт) салу міндеті қойылды.
2029 жылға дейін коммуналдық желілерді жаңартуға инвестициялық қажеттілік 6,8 трлн теңгені, электр энергиясын өндіруге 6,2 трлн теңгені құрайды. Екінші деңгейлі банктерден, ұлттық қаржылық даму институттарынан және халықаралық қаржы ұйымдарынан қаражат тартылады.
Ұлттық жобаны іске асыру барысында отандық өнеркәсіптің дамуына ерекше назар аударылып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды 100% жүктеумен қатар, 27 жаңа өндіріс орындарын ашу және жұмыс орындарын құру жоспарланған. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне отандық тауар өндірушілер өндіретін тауарлар, жұмыстар және қызметтер тізімін әзірлеу, жосықсыз қатысушылар тізімін, сатып алудың бірыңғай электрондық нысанын енгізу тапсырылды.
Сондай-ақ ұлттық жобада халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал санаттары үшін қолдау тетіктері қарастырылған. Халықтың төлем қабілеті бар топтары коммуналдық қызметтерді әділ, нарықтық тарифтер бойынша төлеуі керек. Ал осал санаттағылар тұрғын үй автоматтандырылған жүйесі арқылы тарифтердің өсуінен қорғалады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жобаны жүзеге асыруға Ведомствоаралық сараптама комиссиясы (ЭКСЖ) белсенді түрде іске кірісті. Бұл енді жай ғана үйлестіруші орган емес — бұл төтенше жағдайға араласу механизмі. Комиссия сәтсіздіктерді анықтау, баға беру, менеджерлерді өзгерту және қатаң шараларды ұсыну өкілеттігіне жауапты болмақ. ЭКСЖ жай ақпаратпен емес, нақты объектілер бойынша жұмыс істейді.
«Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы — еліміздің инфрақұрылым саласында қордаланып қалған мәселелерді шешу бастамасы. Бұл жай ғана «желілерді жаңарту» жұмысы емес — ұлттық қауіпсіздік мәселесі, сондай-ақ азаматтардың мемлекетке деген сенімі және экономикалық дамудың негізі болмақ.