Ұлттық қауіпсіздік комитетіне 30 жыл: Тәуелсіздік жылдарындағы ең сәтті операциялар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осыдан тура 30 жыл бұрын 1992 жылдың 13 шілдесінде ел Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылды. Осы күннен бастап тарих бедеріне ҰҚК-нің шежіресі жазыла бастады. Ал бүгінде ұлттық қауіпсіздік органдарының күні борышқа адалдық пен Отанға мінсіз қызмет етудің символына айналып, ерекше мәнге ие болып отыр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының бірыңғай жүйесіне, барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметіне, мемлекеттік шекарасын күзетуге, үкіметтік байланыс қызметіне және «А» арнаулы мақсаттағы қызметіне басшылықты, оның құзыретіне жататын қызмет салаларында ведомствоаралық үйлестіруді, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы бірыңғай саясатты жүзеге асырады және Қазақстан Республикасында мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті орган саналады. Осыған орай Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Тәуелсіздік жылдары ішінде жүргізген аса маңызды операцияларына шолу жасауды жөн көрдік.
None
None

«Жусан» операциясы

2012-2015 жылдар аралығында Астана, Алматы қалаларының, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының кейбір тұрғындары «жиһадқа» шақырған әсіре діншілдердің жетегіне еріп, бала-шағасымен Сирияға соғысқа кете бастады. Ол жаққа барғаннан кейін ер-азаматтың талайы оққа ұшып, баласы жетім, әйелі жесір қалып, тұтқынға түсті. Жұмақ өмірдің жоқ екеніне көздері жетті. 2018 жылдың көктемінде тұтқындағы әйелдер алғаш рет Қазақстандағы туыстарымен, кейіннен ҰҚК қызметкерлерімен байланысқа шықты. Туған жерлеріне алып кетуді өтіне сұрап, қателіктерін түсініп, қандай жаза тағайындаса да дайын екендіктерін айта бастады. Президент атына, Үкіметке, Сыртқы істер министрлігі мен ҰҚК басшылығына көмек сұраған өтініштерін қарша боратты. Осыдан кейін қазақстандық азаматтарды Сириядан эвакуациялау туралы идея туындап, оған «Жусан» деген шартты атау берілді. Сол жылдың ортасынан бастап өте кең ауқымды дайындық, ұйымдастырушылық және жедел жұмыстар басталды. Америкалық әскерилерден көмек кепілдіктері алынды.

Сирияға алдын ала аттандырылған ҰҚК-нің тобы өмірлеріне төнген қауіп-қатерге қарамастан, ың-шыңсыз, бір қаладан екінші қалаға жылжып әрбір түрме мен лагерді тексерумен болды. Тұтқындар туралы мәліметтер мұқият жинақталып, нақты уақыт режимінде Нұр-Сұлтан қаласындағы Арнаулы штабқа жөнелтіліп жатты. Негізгі эвакуация тізімдері құрастырылды. Әр әйелден елге оралуға өзінің келісімі алынды.

Операцияның белсенді фазасы 2019 жылдың 6 қаңтарында басталды. Ақтау қаласындағы әуежайдан ҚР Қорғаныс министрлігінің С-295 алғашқы үш әскери ұшағы ұшып шықты. Кері қарай олар қолға түскен содырлармен, қазақстандық әйелдермен және балалармен оралды. Әрі қарай эвакуацияның Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев санкциялаған 4 кезеңі бірінен кейін бірі жалғасын тапты. Соңғы, бесінші кезеңі 2021 жылғы 4 ақпанда аяқталды. Қазақстанға барлығы 607 азамат әкелінді. Олардың - 37-сі ер, 157-сі - әйел адам және 413-і - балалар, оның ішінде - 34-і жетім.

Сол кездері Ақтау қаласының маңында, Каспий теңізінің жағалауында орналасқан «Фламинго» балалар лагерінің базасында Сириядан келген әйелдер мен балаларды оңалтуға арналған әлемде теңдесі жоқ орталық ашылды. ҰҚК-нің бастамасымен репатриацияланған әйелдер ғана емес, балалар үшін де бейімдеу мен оңалтудың кешенді бағдарламасы жасалынды. Нәтижесінде әйелдер мен балалардың басым бөлігі дәстүрлі исламға көшіп, кейбіреулері тіпті зайырлы өмір салтын да таңдады.

Жинақталған жедел материалдарды негізге ала отырып, 18 радикалды әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оқшауланды. 37 ер адамның барлығы елге әкеліне салысымен тұтқындалып, террорлық іс-әрекеттері мен терроризмді насихаттағандары үшін сотталды. Олар 6 жылдан бастап 14 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды.

Халықаралық террористік ұйым құрылымдарын жою операциялары

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына кіретін «А» Арнайы мақсаттағы қызметі бар. Дәл осы қызмет соңғы онжылдықтың өзінде ғана «Орталық Азия моджахедтерінің жамағаты», «Джунд – әл-Халифат», «Хизб-ут-Тахрир» сынды халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы құрылымдарының көздерін жойды.

Мәселен, елімізде «Джунд – әл-Халифат» террористік ұйымының қалыптасуына белсенді қатысқан ҚР азаматы Дамир Зналиевті Ауғанстаннан ұстап, елге жеткізді. Аталған террористік топ бірқатар мемлекеттерде орын алған лаңкестік актілеріне жауапты. Оның ішінде 2011 жылғы қазанда Атырау қаласындағы жанкештілер жасаған 2 жарылысқа да қатысы бар. Зналиев аталған акцияларды бастаушылардың бірі саналады. Ал оның басшысы болған Бельгия азаматы Моэз Гарсаллауи 2012 жылы Пәкістан аумағында пилотсыз ұшақ аппаратынан жасалған әуе соққысы кезінде өлтірілді. 2013 жылғы ақпанда террористік топтың белсенді мүшесі ҚР азаматы Орынбасар Мунатов Пәкістанда ұсталып, Қазақстанға жеткізілді. Қазіргі уақытта ол жазасын өтеп жатыр. Қазіргі таңда «Джунд әл-Халифат» және өзге де лаңкестік топтар еліміздің аумағында толығымен жойылған.

«Набат» операциясы

1992 жылдың ақпан айының соңғы күндері. Тәуелсіздігін алғанына санаулы ғана айлар өткен Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті әлі құрылмаған кезең. Ташкент-Мәскеу бағытында пойызда этаппен кетіп бара жатқан, ең жоғары жазаға кесілген 6 қылмыскер күзетшілерді өлтіріп, 2 Калашников автоматын, 8 макаров тапаншасын оқ-дәрілерін алып қашып кетеді. Алайда олардың бірі қолға түскенімен, бесеуі із жасырып үлгереді. Қылмыскерлер Қызылордадан Сарыағашқа кетіп бара жатқан жолаушылар автобусын басып алады. Олар құқық қорғау органдары қызметкерлерінен ұшақ пен мол ақша талап етеді. Сол кездегі Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің арнайы бөлімшелері «Набат» операциясын жүргізіп, қылмыскерлердің бәрінің көзін жояды. Ал тұтқынға түскен жолаушыларды дін-аман алып қалады. Операция терроризмге қарсы күрестің классикалық үлгісі саналады,. Оның бірегейлігі әлемдік тәжірибеде алғаш рет террористер басып алған автобусқа нәтижелі шабуылдың жүзеге асырылуы еді.

2021 жылғы 13 желтоқсанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Набат» операциясына қатысқан запастағы полковник Амангелді Баталовқа 1-дәрежелі «Айбын» ордені, запастағы полковник Анвар Аблаковқа, запастағы подполковник Серік Кәкімұлы Жұмабековке және Владимир Павлович Калиновскийге, запастағы майор Сергей Владимирович Семеновке және запастағы капитан Асқар Есікбайұлы Медетовке 2-дәрежелі «Айбын» ордені табыс етілді.

«Сапфир» және «Виктория» операциялары

«Сапфир» операциясы - БН-350 реакторына ядролық отын ретінде қолданылған жоғары байытылған уранды Қазақстаннан шығару әрі тасымалдау жөніндегі жоба. Ол 1994 жылы АҚШ-пен бірге жүргізілді. Операция барысында Қазақстан АҚШ-қа 600 келі жоғары байытылған уран тапсырды. Осынау ядролық материалды бейбіт отын ретінде қайта өңдеу үшін Құрама Штаттардан 130 тонна құрал-жабдық пен көптеген мамандар келген болатын.

Ал Маңғыстау аймағында жүзеге асырылған «Виктория» атты келесі қарсы барлау операциясы ұлттық қауіпсіздік қызметінің тарихында өшпес із қалдырды. Ақтауда жасырын жұмыс істеген Иранның сыртқы барлау қызметінің агенттерін және оларға басшылық жасаған ирандық барлаушыны ұстауға бағытталған бұл іс-шара еліміздің ұлттық қауіпсіздік қызметі қызметкерлерінің аса біліктілігін паш етеді.

Халықаралық есірткі бизнесімен күрес операциялары

Еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті халықаралық есірткі бизнесімен күреске бағытталған «Gorka» және «Тайфун» сынды бірегей операцияларды да сәтті жүргізді. Айталық, «Тайфун» операциясының аясында алыс және жақын елдердегі шетелдік серіктестермен бірлесіп, халықаралық есірткі бизнесіне қатысты әр түрлі елдердің 51 есірткі құрылымы мен қосалқы мүшелерінің қызметі тоқтатылды. Заңсыз айналымнан 187 келі ауған героині тәркіленді.

Өткен айда ғана Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан мен Қырғызстанның құқық қорғау органдарымен бірлесе әрекет етіп, Орталық Азия елдеріне арналған заңсыз есірткі өндірісімен айналысатын халықаралық есірткі синдикатының жолын кесу арнаулы операциясын жүзеге асырды. Бірнеше кезеңге созылған операция аясында 2-3 маусымда Алматы қаласында «альфа-PVP» есірткі затының 17.7 келісін тасымалдау және сақтау кезінде есірткі қылмысына қатысты топтың 4 көмекшісі ұсталды. Ұсталғандардың бірінің тұрғылықты мекенжайы бойынша психотроптық заттарды өндіретін жерасты зертхана табылды. Есірткі контрабандалық жолмен Қырғызстанға жіберуге, сондай-ақ Шымкент және Өскемен қалаларында сатуға арналғаны анықталды.

Қылмыстық топтың байланыстарын жою үшін комитет Қырғызстанның ІІМ-мен өзара іс-қимылды іске асырып, 5 маусымда Бішкек қаласында жасырын жерден 3 келі есірткі затын алу кезінде Қырғызстанның 3 азаматы ұсталды. Арнаулы операцияның соңғы кезеңі Өскемен және Шымкент қалаларындағы бірмезгілде 3 есірткі курьерінің ұсталуымен аяқталды. Оларды тексеру барысында 2 келі есірткі табылды. Жалпы терроризмге қарсы операция барысында есірткі қылмысына қатысы бар 10 адам ұсталып, ірі есірткі лабораториясының жұмысы тоқтатылды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 22.7 келіні құрады.


Фото: gov.kz; видеодан алынған кадр;


Соңғы жаңалықтар