«Ұлттық музейге сый тарту» республикалық акциясы өтеді

Іс-шараға Құдайберген Жұбанов, Нұрпейіс Байғанин, Әлия Молдағұлова, Марат Оспанов, Қадірәлі Ержанов сынды ұлтымыздың біртуар перзенттерінің ұрпақтары мен туған-туыстары қатысып, олардың қолданған құнды жәдігерлері мен естелік бұйымдарын табыстайды.
Сондай-ақ, акция аясында мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы, ҚР білім беру ісінің үздігі Ғалымжан Байдарбек, ақтөбелік жас миллионер Марат Жақсылықұлы, мәдениет қайраткері Қайырғали Қожамбаев, суретшілер одағы Ақтөбе филиалының төрағасы Жәдігер Кенбай, гір көтеруден 12 мәрте әлем чемпионы Евгений Гончаров секілді облыс мақтаныштары Ұлттық музей қорына жеке заттарын тапсырады.
Сонымен қатар, облыстың Кенбай Жәдігер, Хайруллин Орынғали, Сухотина Евгения, Габдрахманов Марат, Жақыбаев Нұрлан, Жаханов Мақсұт, Корват Александр, Атраубаев Болат, Абилов Ерқосай, Ноғаев Қайрат, Аязбаева Гүлден, Верещагин Алексей, Телеушов Таймас секілді талантты суретші-мүсіншілерінің шығармашылық жұмыстары Ұлттық музейге тарту етіліп отыр.
Айта кетейік, аталған шараның басты мақсаты - ұлтымыздың құнды тарихи-мәдени мұраларын сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару. Ел арасында елеусіз жатқан маңызы зор жәдігерлерді, ұлтымыздың ірі тұлғаларының бұйымдарын кәсіби тұрғыда сақтауға жағдай жасау.
«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы 2015 жылы 18 наурызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде салтанатты түрде бастау алған болатын. Акцияға қатысушы өзінің коллекциясындағы құнды жәдігерді, ел тарихына қатысты елеулі мұраны немесе елге белгілі тұлғаның қолданған заттарын музейге сақтауға табыстайды. Барлық сый-тартуларға заңдық негізде қабылдап алу шарты жасалып, олар Ұлттық музейдің қорына өткізіледі. Сый-тартулар негізінде арнайы көрме ұйымдастырылады.