Үміт үйі: Туа бітті дертке шалдыққан сәбилердің көбі сауығып кетеді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі «Үміт» сәбилер үйінде 55 бала тәрбиеленіп жатыр. Туа бітті ауыр дертке шалдыққан балалардың көбі емделіп, жазылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үміт үйі: Туа бітті дертке шалдыққан сәбилердің көбі сауығып кетеді

Ақтөбедегі «Үміт» сәбилер үйінде жаңа туған балалар 3-4 жасқа дейін тәрбиеленеді. Олардың тең жартысын ата-аналары уақытша сеніп тапсырған. Көбі денсаулығы сыр берген балаларын мемлекет қамқорлығына беріп, емдетеді. Ал жалғызбасты аналар тұрмыс жағдайларына байланысты сәбилер үйіне балаларын уақытша қалдырады. Ақтөбеде тұрмысы төмен отбасының балалары да сәбилер үйінде тәрбие алып жүр. Көбі қазақ баласы.

null 

«Сәбилер үйінде 11 мүгедек бала бар. Олардың әрқайсысында мүгедектігі туралы анықтама алынып, қаржы балалардың арнайы есепшотына  түсіп жатыр. Сонымен қатар, 4 балаға мүгедектер туралы анықтама дайындалуда. Барлығы 22 бала облыстық балалар ауруханасында, «Дару» оңалту орталығында ем алды. Ал екі бала Астанадағы Ана мен бала орталығында ем қабылдады. Корея елінен барып, ота да жасалды. Туа бітті ауруға шалдыққан балалардың кейбірі отадан соң айығып кетіп, қалыпты өмірге араласады. Жалпы дертке шалдыққан балалардың 30-40 пайызы емделеді. Жүрек ауруына шалдыққандарға Астана, Алматыда ота жасалады»,- деді «Үміт» сәбилер үйінің бас дәрігері Қадырғали Иманалин.

Ал сәбилер үйінде жатқан 4 жастағы қыз бала туа бітті сал ауруына шалдыққан.   

null 

Медбике Гүлнар Бижанова оны бағады. Бала тамағындағы түтікше арқылы тыныс алады. Сәбилер үйіндегі төсекке таңылған жалғыз баланы ата-анасы тастап кеткен.

null 

«Үміт» сәбилер үйінде Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының тапсырмасымен «Надежда» тобы ашылды. Онда бірінші сәбиін дүниеге әкелген жалғызбасты аналар мен жазасын өтеушілердің балалары уақытша қабылданады. Жетімдер санын азайту, балаларды қорғау және денсаулығын нығайтуға арналған топта 10 бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың аналары уақтылы келіп, балаларын көріп тұрады. Дәрігерлер, психологтар, педагогтар отбасы құндылығын насихаттайды»,- деді Қ.Иманалин.  

null