Үндістанда фестиваль кезінде 46 адам суға батып кетті
АСТАНА. KAZINFORM – Үндістанның шығысындағы Бихар штатында балалардың игілігіне арналған үш күндік фестиваль кезінде кем дегенде 46 адам өзенге ағып кетті. Олардың 37-сі бала, 7-і әйел. Бұл туралы Hindustan Times басылымына сілтеме жасап Бельта агенттігі хабарлады.

Басылымның мәліметінше, жыл сайынғы “Живитпутрика Врат” фестивалі негізінен Үндістанның солтүстігінде және Непалдың бір бөлігінде тойланады. Мерекеде әйелдер 24 сағат бойы ораза ұстап, балаларының ұзақ өмір сүруі мен денсаулығы үшін арнайы дұғалар оқиды. Ораза кезінде аналар кейде балаларымен бірге жергілікті өзен-тоғандарға шомылуға барады. Үндістанның солтүстігіндегі жергілікті билік әдетте фестиваль кезінде полиция қызметкерлерін орналастырады. Алайда биылғы фестиваль кезінде Бихар штатында қандай қауіпсіздік шаралары қабылданғаны белгісіз.
Үндістанда діни мерекелер кезінде жаппай суға батып кетуден басқа көптеген өлім-жітім орын алатыны атап өтілді. Жергілікті полиция қызметкерінің айтуынша, штаттың 15 ауданындағы әртүрлі өзен мен тоғандарда адам өлімі тіркелген. Атап айтқанда, Аурангабад ауданының екі ауылында кәмелетке толмаған сегіз бала суға батып кеткен. Жергілікті тұрғындар соңғы күндері толассыз жауған жауын-шашын салдарынан өзендер мен тоғандардағы су деңгейі көтерілгенін хабарлады. Бірақ фестивальге қатысушылар бұған мән бермеген және балалардың жаппай суға кетуіне басты себеп осы екені айтылуда.
Бихар штатының шенеуніктері зардап шеккен әрбір отбасына өтемақы төленетінін мәлімдеді.