Үндістанда көпір опырылып, туристер қаза тапты
АСТАНА.KAZINFORM - Үндістанның Махараштра штатының Пуна қаласында көпір опырылып, төрт турист қаза тапты. Бұл туралы штаттың бас министрі Девендра Фаднавис мәлім етті, деп хабарлайды NDTV.

Көпірдің құлауы салдарынан тағы бірнеше адам суға батып кетуі мүмкін. 39 адам құтқарылды.
Оқиға жексенбі күні муссон маусымында туристер жаппай келетін танымал Кундмал ауданында болды.
Көпір өзенге құлаған кезде оның үстінде ондаған адам болған. Олардың кейбірін ағыс алып кеткені хабарланды.
Оқиға орнына полиция мен құтқару топтары, соның ішінде Апатқа қарсы әрекет ету ұлттық күштері (NDRF) жетті.
Фаднавис марқұмдардың отбасыларына өтемақы төленетінін және жараланғандардың емдеу шығындарын үкімет көтеретінін айтты.
Сол кезде көпірде болған Амол есімді куәгердің айтуынша, көпір құлар алдында бес минут бойы шайқалып тұрған.
-Мен суда 15 минуттай болдым, құбырды ұстап, шығуға талпындым. Бірінші болып көмекке жергілікті тұрғындар келді, - деді ол NDTV арнасына.
Жергілікті тұрғындар төрт-бес жыл бұрын қайта салынған көпірдің беріктігіне алаңдаушылық білдірген. Алайда көптеген туристер қауіптен бейхабар болды.
Бұған дейін Үндістанның солтүстігіндегі Гималай аймағында тікұшақ құлаған болатын.
Сондай-ақ 12 маусымда бортында 240-тан астам адамы бар Air India ұшағы апатқа ұшырады.
Полиция аман қалған бір адамды тапты.