Үндістанда нөсер жауыннан 45 адам қаза тапты
НЬЮ-ДЕЛИ. KAZINFORM – Үндістанның солтүстігіндегі Уттар-Прадеш штатының 13 округінде дауылдан, бұршақты жауыннан және найзағайдан кемінде 45 адам қаза тапты, деп жазады ТАСС агенттігі.

Жауын-шашын ауылдық елді мекендер мен ауыл шаруашылығы инфрақұрылымына айтарлықтай залал келтірген. Уттар-Прадеш билігі зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Үндістанның метеорология бюросының мәліметінше, апта соңына дейін елдің солтүстігі мен басқа да өңірлерінде қатты жауын-шашын сақталады. Батыстағы Махараштра штатының бірқатар округінде қатты жауын мен сағатына 60 шақырымға дейін жететін желге байланысты «қызыл» және «қызғылт сары» деңгейдегі ескерту жарияланды.
Айта кетейік, сәуір айында Үндістан мен Непалда нөсер жауыннан 90-нан астам адам қаза тапқанын жазған едік.