Үндістанда ұшақ апаты бойынша алдын ала есеп жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM –  Үндістанның Әуе апаттарын тергеу бюросы (AAIB) 12 маусым күні Ахмедабад қаласында болған Air India әуекомпаниясы ұшағының апатына қатысты алдын ала тергеу есебін жариялады. 

Үндістанда 12 маусымдағы ұшақ апаты бойынша алдын ала есеп жарияланды
Фото: Reuters

Құжатта көрсетілгендей, апат орнында жүргізілген жұмыстар, соның ішінде дрондар көмегімен жасалған фото және видео түсірілімдер аяқталған. Ұшақ сынықтары әуежай маңындағы қауіпсіз аймаққа жеткізілген.

— Қос қозғалтқыш та апат орнынан алынып, әуежай ангарында орналастырылды, — делінген есепте.

Алдын ала қорытындыға сәйкес, ұшақ көтеріле сала бірнеше секунд ішінде 1 және 2-двигательдердің жанармай беру тетіктері «жұмыс істеп тұр» деген қалыптан «өшірулі» жағдайға өткен, алайда бірнеше секундтан соң қайта қосылған.

Пилоттар арасындағы әңгіме жазбаларында олардың абыржып қалған сәті тіркелген. Ұшқыштардың бірі «Сіз неге қозғалтқыштарды өшірдіңіз?» деп сұрайды. Екінші ұшқыш болса «Мен ештеңе істеген жоқпын» деп жауап берген.

Тергеу жалғасып жатыр. Бюро түпкілікті есепте қосымша қорытындыларды жарияламақ. Қазіргі кезеңде Boeing 787-8 ұшағының қозғалтқыштарын пайдалану қауіпсіздігіне қатысты ешқандай ресми ұсыныстар берілген жоқ. 

Айта кетелік бүгін бортында 240 адам болған Air India ұшағы апатқа ұшырап, дәрігерлерге арналған жатақхана ғимаратына құлаған. СІМ апатқа ұшыраған бортта зардап шеккен қазақстандықтар жоқ деп мәлімдеді. Сонымен қатар бір жолаушы тірі қалғаны туралы да жазған едік

Соңғы жаңалықтар