Үндістанның танымал археологиялық жәдігерінің көшірмесі Астанаға жеткізілді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты Президенттік орталықта Үндістанның Бихар штатының Бихар музейінің жәдігерлерінен көрме ашылды.
«Адамзат, ескерткіштер және табиғат туралы триптих» халықаралық көрмесі Қазақстандағы Үндістан елшілігі Свами Вивекананда мәдени орталығымен бірлесіп ұйымдастырылған.
Көрме тақырыптары бір-бірімен сабақтасып, адамзатты, ескерткіштер мен табиғатты байланыстыратын біртұтас желі құрады. Бихар музейінің кураторы Мумита Гоштың айтуынша, көшпелі көрме туралы бастаманы Қазақстандағы Үндістан елшілігі көтерген.
«Бихар музейі – ежелгі Патна қаласында орналасқан Үндістанның ең жас әрі ірі музейлерінің бірі. 2015 жылы ашылған музей қорында 40 мыңнан астам жәдігер бар. Музей 10 секциядан құралады, әсіресе археология, тарих, өнер бағыттарында ежелгі заманнан қазіргі күнге дейінгі аралықты қамтитын құнды жәдігерлері бар. Әсіресе бүгінгі көрмеге Бихар музейінің ең танымал экспонаты – «Якши Дидаргандж» мүсінінің көшірмесі әкелінді. Біздің заманымызға дейінгі 2,5 мың жыл бұрынғы әйел мүсіні арқылы сол замандағы әйел сұлулығы, қоғамның әйелге деген құрметін көре аламыз», - деді М.Гош агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
Бұл көрме Президенттік орталықта бір ай тұрады, егер қызығушылық жоғары болса, мерзімі тағы ұзартылады. Экспозицияда 39 суретші мен 4 фотографтың елуден астам өнер туындылары қазақстандық келушілер назарына ұсынылған.
Арпана Каурдың «Күн мен түн» туындысы жарық пен көлеңкені, өмір мен өлім туралы екіұдайлықты шынайы бейнелейді.
Лалу Прасад Шоудың «Бабу мен Биби» туындысы суретшінің дарыны мен бенгал мәдениеті мен эстетикасына ерекше құмарлығын көрсетеді. Орта таптағы бенгал ерлері мен әйелдерінің стильдендірілген бейнелері модернизмді дәстүрмен үйлестіреді.
Ранджит Кумардың «Павапури: джайнизмнің қасиетті мекені», Биджой Джайннің «Бодхгая ғибадатханасының қасиетті сәулесі» және Ганеш Хетривалдың Патна қаласындағы «Шри Хармандир Сахиб» фотосуреттерінде жай ғимараттар емес, тарих тылсымын, адамзаттың ғасырлар бойғы естеліктерін сақтайтын ескерткіштер көрініс тапқан.
«Бұл – Свами Вивекананда орталығымен бірлесіп ұйымдастырылған екінші жобамыз. Бүгін біз Үндістанның ең ірі музейлерінің бірі – Бихар музейінің қорындағы өнер туындыларымен танысу мүмкіндігіне ие болдық. Сурет полотнолары, мүсіндер және фотографиялар авторлардың адам мен табиғат арасындағы өзара әрекеттестік туралы философиялық ойларын көрсетеді. Мәдени артефактілер бізді ежелгі өркениет атмосферасына жетелейді, адамзаттың әлемдегі орны мен рөлі, сондай-ақ оның қоршаған ортаға әсері туралы ойланып көруге мүмкіндік береді. «Адамзат, ескерткіштер және табиғат туралы триптих» көрмесі үнді халқының дәстүрі мен мәдениеті арқылы шығыс әлемінің таңғажайып жұмбақ әлеміне жақындауға мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді Президенттік орталық директоры Бақытжан Темірболат көрменің ашылу салтанатында.
Сондай-ақ, ҚР Президенттік орталығы мен Бихар музейі (Үндістан, Патна қаласы) арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды. Қылқалам өнері бойынша екіжақты байланыстарды жақсартуға мүмкіндіктер туғызады.
«Бұл көрме адам рухының, мәдени мұраның және табиғаттың терең байланысын көрсетеді. Бүгінгі жәдігерлер – өнердің тарихты сақтаудағы күшінің дәлелі ғана емес, адамзаттың табиғат пен ескерткіштерге деген құрметі тұрақты үйлесімдік үшін шешуші мәнге ие болатын болашақтың көрінісі. Президенттік орталықта Үндістанның өнер туындылары алғаш рет көрсетіліп отыр. Бұл ретте мен Бихар музейінің тұтас ұжымын бейнелеу өнеріндегі шеберліктерін әлемдік аренаға шығарғанын ерекше атап өтемін. Бүгін бекітілген меморандум мәдени ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтады және болашақ жобаларға шабыттандырады», - деді Үндістанның төтенше және өкілетті Елшісі Нагендра Прасад.