Универсиада: Қазақстан хоккейшілері төртінші орынды қанағат тұтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Краснояр қаласында өтіп жатқан қысқы универсиада ойындары аясында шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасы үшінші орын үшін сайыста Канададан жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі кездесуде Канада құрамасы топтық кезеңде кеткен есесін қайтарды. Естеріңізге сала кетелік, біздің жігіттер ол жолы аталмыш қарсыласын 4:3 есебімен тізе бүктірген еді. Одан бұрын қазақстандық хоккейшілер Латвияны 10:1 есебімен жеңсе, одан кейін Швециядан 5:1, Ұлыбританиядан 17:1, Швейцариядан 7:0 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда Словакиядан 0;4 есебімен жеңіліп қалды.
Канада студенттер құрамасы біздің қақпаға жауапсыз үш шайба соқты. Есеп 26-минута ашылды. Канада сапынан Айдан Александр Уоллас өз құрамасын алға шығарды. Келесі шайба арада бір минут өткенде тағы да біздің қақпадан табылды. Ойынның 27-минутында канадалық Даниэль Патрик Дель Паджо мергендік танытты. Қорытынды есеп кездесудің бітуіне 38-секунд қалғанда белгілі болды. Оны Стефан Андерсон Харпер соқты. Осылайша Канада жастары біздің жігіттерден 3:0 есебімен басым түсті.
Қазақстан студенттер құрамасы 1995 жылы қысқы Универсиаданың алтынына қол жеткізген еді. Үш мәрте ақтық сынға дейін жетіп, 2013 жылы Канадаға, 2015 және 2012 жылдары Ресейге жол беріп қойды. Ал 2007 жылы біздің құрама қола жүлдеге қол созған болатын.