Ұрлық түрлерінің төрттен бірі пәтер тонау болып отыр - ІІМ

Бұл туралы ҚР ІІМ Криминалды полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Әсет Жүкенов айтып берді.
Барлық ұрлық түрлерінің төрттен бір бөлігі пәтерді тонау болып отыр. Осыған байланысты құқық қорғау органдарына осы қолсұғушылықтардың алдын алу және ашу бойынша ерекше міндеттер жүктелген.
«Ұрлыққа қарсы шаралар кешенін көздейтін мүлікті қорғау бойынша ІІМ ведомстволық бағдарламалары кезең-кезеңімен іске асырылады. Тұрғын үйлердің аулаларында 68 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған, ал 22 мыңнан астамы тұрғындар бастамасымен жабдықталған. Күн сайын пәтер ұрлығын жасау әдісі, тәсілі, уақыты бойынша талдау жүргізіледі, оның нәтижесінде полицияның патрульдік жасақтарының қозғалыс бағыттары қарастырылады», - деді Ә. Жүкенов ҚР ІІМ апталық брифингінде.
Осылайша, ашылған қылмыстар тәжірибесінен пәтер ұрлығын қайта қылмысқа барғандар, жәбірленушілермен татуласу арқылы жауапқа тартылмаған адамдар жасайтыны анықталды.
Осы жағдайды ескеріп, Қылмыстық кодекске ұрлық жасауды және үй-жайларға заңсыз кіріп ұрлық жасауды қылмыстың ауыр түрлеріне жатқызу жөнінде бірнеше өзгеріс енгізілді, ол үшін мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.