US Open: Елена Рыбакина АҚШ чемпионын ойсырата ұтып, төртінші айналымға шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының төртінші айналымына өтті.

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 36-ракеткасы, бұдан төрт жыл бұрын айды аспанға шығарып, 18 жасында АҚШ чемпионы атанған ұлыбританиялық Эмма Радукануға тап келді.
Осыған дейін қарсыластар бір-ақ рет кездесіп, онда Рыбакина басым түскен еді. Бұл жолы Елена бірден 3:0 есебімен алға кетті. Тағы бір брейкке қол жеткізіп, өз геймін де алды – 6:1.
Қазақстандық спортшы екінші сетті де брейкпен бастады – 2:0. Содан кейін есепті 5:2-ге жеткізді. Матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:2. Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 2 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Радукану 2 эйспен шектелді.
Елена Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 8-ракеткасы, италиялық Жасмин Паолини немесе рейтингіде 60-орындағы чехиялық Маркета Вондроушованың қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің АҚШ ашық чемпионатының үшінші айналымына өткенін жазған едік.