US Open: Қазақстандық теннисшілер кімдермен ойнайды

АСТАНА. KAZINFORM — Теннистен АҚШ ашық чемпионатының жеребесі тартылды.

Алматы примет крупный теннисный турнир серии ATP
Фото: ҚР ҰОК

Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 338-орындағы америкалық Джульетта Парехамен ойнайды.

Түрлі турнирде қатарынан соңғы алты матчында ұтылған әлемнің 54-ракеткасы Юлия Путинцева бұл жолы рейтингіде 87-сатыдағы италиялық Элизабетта Коччареттодан өтуге тырысып көреді.

Әйелдер арасындағы дода 24 тамыз – 6 қыркүйек аралығында өтеді.

Өткен жылы АҚШ чемпионатында финалда америкалық Джессика Пегуланы сүріндірген Беларусь спортшысы Арина Соболенко үздік шыққан еді.

Биыл миксте Елена Рыбакина мен америкалық Тейлор Фрицті ұтқан италиялықтар Сара Эррани – Андреа Вавассори чемпион атанды. Олар финалда Польша өкілі Ига Швентек – норвегиялық Каспер Руудты қапы қалдырды.

Ерлер арасында жекелей сында жарыстың 23-ракеткасы болып тіркелген Александр Бублик 2014 жылғы АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы, қазір рейтингіде 61-сатыдағы хорватиялық, 36 жастағы Марин Чиличпен кортқа шығады.

Ал рейтингіде 89-орындағы Александр Шевченконың қарсыласы – әлемнің 18-ракеткасы, испаниялық Алехандро Давидович-Фокина.

Бублик пен Шевченконың қатарына қазіргі кезде іріктеу сайыстарына қатысып жатқан Бейбіт Жұқаев, Михаил Кукушкин, Дмитрий Попконың қосылып қалуы мүмкін.

Өткен жылы осы «Үлкен дулыға» турнирінде Ю.Путинцева үшінші, Е.Рыбакина мен А.Шевченко екінші, А.Бублик пен Т.Скатов алғашқы айналымнан аса алмаған еді. Сондықтан сәтті өнер көрсетсе, төрт теннисші рейтингіде жоғарылай алады.

АҚШ ашық біріншілігінің биылғы жүлде қоры 90 млн долларға (өткен жылы – 75 млн) жетті. Ерлер және әйелдер арасында чемпион атанғандар 5 млн, финалистер 3,6 млн АҚШ долларынан алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Румыниядағы турнирдің финалына шығу үшін таласатынын жазған едік.

Ж.Құламбаева жұптық сында румыниялық Георгета Пришакариумен бірге Бистрица ITF W50 турнирінің жартылай финалында тартысты бәсекеде жарыстың 1-ракеткалары, испаниялық Анджела Фита Болуда – швейцариялық Илена Ин-Альбонға жол берді – 7:5, 4:6, 9:11. Ойын 1 сағат 37 минутқа созылды.

 

Соңғы жаңалықтар