Үш адам жанып кетті: Ақтөбеде автогаз құю бекетінің иесі сотталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Сот кәсіпкерді 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталушы жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтейді.

Үш адам жанып кетті: Ақтөбеде автогаз құю бекетінің иесі сотталды
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform

Ақтөбе қалалық № 2 сотында автогаз құю бекетінің басшысына қатысты істің үкімі оқылды. Оған Қылмыстық кодекстің 281-бабы 3-бөлігімен айып тағылды.

— Сотталушы Қылмыстық кодекстің 281-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылсын. Оған 3 жылға жарылыс қаупі бар объектілерде басшылық лауазымды атқару, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жаза өтеу орны — қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесі, — деді судья Еділ Құдайберген.

Үш адам жанып кетті: Ақтөбеде автогаз құю бекетінің иесі сотталды
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform

Кейін судья үкімді түсіндіріп берді. Ол сотталушыға кінәні ішінара мойындағанын айтты.

— Автогаз құю стансасын іс жүзінде өзіңіз басқарғансыз. Сол кезде тиісті құжатты рәсімдемей, нұсқаулық жүргізбей куәні жұмысқа қабылдағансыз. Сол куә жұмыс істеген уақытта көлік құралы ішіндегі адамдарды түсірмей, газ құюға жіберген. Әрі қарай заңда тыйым салынған талаптар сақталмай, тұрмыстық газ баллонға сұйытылған газ құйған. Салдарынан газ қысыммен кейін қарай шығып, ауамен араласып, өрт, жарылыс болған. Үш адам қаза тапты. Сол жерде болған жәбірленушіні күйік шалды. Кінәңізді ішінара мойындайсыз. Яғни, тағылған айыпты толықтай мойындамайсыз. Істегі уәждемелерді даулап, осы оқиғаға жәбірленушінің де кінәсі бар деп келтіріп отырсыз. Сот шын ниетпен өкіну жоқ деп есептейді. Жаза әділетті болуы керек. Әлеуметтік әділетті қалпына келтіру мақсатында сотталған адамның түзелуіне, сондай-ақ басқа да адамдардың алдағы уақытта қылмыс жасауының алдын алу мақсатында осындай жаза тағайындалады, — деді судья.

Сотталушы жарыссөз кезінде жеңіл жаза беруші сұрады және өзі туралы мәлімет берді.

— Қазір жасым 57-де. Соның 40 жылдан астам уақытын адал еңбекке арнадым. 23 жыл мемлекеттік, 13 жыл басшылық қызмет атқардым. Қызметте марапатталдым. Соңғы 9 жылда белсенді түрде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырып келемін. Отбасылымын, кәмелетке толмаған, студент балам бар, - деді сотталушы.

Еске салсақ, оқиға биыл жазда болды. Газ құю бекетінде көлік жарылып, екі бала мен оның анасы жанып кетті.  Осы оқиғадан соң газ бекетінің иесі қамауға алынып, айып тағылды. Басты сот талқылауы кезінде жәбірленуші кешірім берді.