Үш әкімнің тұсында көтерілген мәселе: Атырауда жаңа орталық көпір салына ма

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласындағы Жайық өзені арқылы өтетін орталық көпірдің жанынан жаңа автомобиль көпірін салу жөнінде түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Бұған дейін оның жобасымен қытайлық PowerChina компаниясы айналысты. Алайда әкімдік қытайлық компаниямен әзірге ешқандай келісімге қол қоймаған.

Үш әкімнің тұсында көтерілген мәселе: Атырауда жаңа орталық көпір салына ма
Фото: Видеодан алынған скрин

Орталық көпірдің жағдайы атыраулықтарды көптен алаңдатып жүр. Өйткені, 2020 жылдың қаңтарында жылу құбыры тіректерінің ығысуына байланысты көпірде көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Әкімдік 2022 жылы күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлаған еді. Бұл үшін қазынадан 920 млн теңге қаралатынын да хабарлаған. Алайда бұл жоспар күйінде қалды. Биыл қала әкімі болған Шәкір Кейкин әлемдегі үздік 500 компанияның қатарына жататын қытайлық мекеме орталық көпірдің қасына жаңа көпір салу жобасын жасап жатқанын мәлімдеді. Жоба бойынша олар қолданыстағы көпірден 10 метр қашықтықта жаңасын салуды жоспарлап, оның құрылысы аяқталғаннан кейін ескісін қолдану жолдарын қарастырмақ болған еді. 

Осы жылы шетелдік компания өкілдері әкімдерге жобаның жай-жапсарын таныстырып кетіпті. Құрылыстың Жайық өзенінің қос жағалауына қалай жүргізілетінін көрсеткен. Шәкір Кейкин жобаға өзгерістер енгізіліп, жетілдіріліп жатқанында да айтты. Алайда бүгінде жобадан да, оны істеп жатқан қытайлық компаниядан да хабар жоқ.

а
Фото: Видеодан алынған скрин

Биыл қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі орталық көпірді күрделі жөндеуден өткізіп, 10 күнге жапқан еді. 

Қарашада орталық көпірдің көлік жүретін бөлігінде және жаяу жүргіншілер жолында жарықтар пайда болды. 

Бірнеше ай бұрын жөнделген көпірдің деформациялық жіктері әлі ауыстырылған жоқ.

Бұл жұмыс үшін қажетті материалдар Ресейден өңірге жоспардағы уақытта жеткізілгеннің өзінде құрылыс жұмысын жүргізу үшін күннің жылынғанын күту керек. Яғни, бұл жұмыс 2027 жылдың көктеміне қалып отыр.

Қазір қаладағы Жайық өзені арқылы өтетін 6 көпірдің техникалық жағдайына мамандар зерттеу жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы осы айдың соңында белгілі болмақ.

Бұл зерттеуге дейін «ҚазжолҒЗИ» АҚ мамандарды көпірді кешенді тексерістен өткізуге кіріскен. Атырау облысы әкімдігі таратқан мәліметке сүйенсек, «ҚазжолҒЗИ» қызметкерлерінің алдын ала қорытындысында көпір апатты жағдайда емес, бірақ жөндеуді қажет ететіндігі жазылған. Бұған қоса, конструкцияларға шақталған жүктеме бүгінгі талаптарға сәйкес келмейді.

в
Фото: Видеодан алынған скрин

- Мамандар деформацияланған жіктерді қалпына келтірудің төмен температурада қолдануға болатын технологияларын зерделеу үстінде. Бұл олардың герметикалық қасиетін қалпына келтіріп, қонструкциялардың одан сайын бүлінуіне жол бермейді,-делінген облыс әкімдігінің ақпаратында.

Енді көптің көкейінде жүрген жаңа көпір салу жобасының тағдырына тоқталайық. Жолға жауапты бөлімнің берген ресми жауабына сүйенсек, жаңа көпір салу мәселесі бұған дейін ықтимал техникалық шешімдер мен жобаны іске асырудың жекелеген мәселелерін алдын ала талқылау кезеңінде болған. Яғни, әлі күнге нақты шешім қабылданған жоқ.

- Жобаны әзірлеуге тартылған компания, шарттық міндеттемелер және қаржыландыру туралы Жаңа автомобиль көпірін салу мәселесін алдын ала талқылау барысында қытайлық PowerChina компаниясының қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Алайда аталған компаниямен ешқандай шарттық міндеттемелер жасалған жоқ. Сондай-ақ жобаны әзірлеуге және іске асыруға бюджет қаражаты бөлінбеген,-деп хабарлады қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.

Жаңа көпірдің техникалық сипаттамасы алдын ала қарастырылған нұсқа бойынша, ұзындығы - 263,5 метр, жүріс бөлігінің ені - 13 метр.

- Автокөліктердің төрт жолақты қозғалысы көзделген. Жаяу жүргіншілер тротуарларының ені 2,4 метрді құрайды. Көпірдің төменгі габариті I санаттағы өзендерге қойылатын талаптарды ескере отырып қарастырылған. Сонымен қатар аталған техникалық параметрлердің түпкілікті бекітілген жобалық шешімдер болып табылмайтынын атап өтеміз,-деп жауап берді бөлім.

Жайық өзені арқылы өтетін автожол көпірі 1965 жылы «Гипрокоммундортранс» жобасы бойынша салынды. Металл аралық құрылыстары «Ленгипротрансмост» жобасына сәйкес әзірленген. Орталық көпірге соңғы күрделі жөндеу жұмысы 1999 жылы жүргізіліпті. Бүгінде орталық көпірдің астынан 400 диаметрлік жылу құбыры өтіп жатыр. Бұл құбыр оң жағалаудағы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу беріп отыр. «Нұрсая» ықшамауданында салынып жатқан жаңа әлеуметтік нысандарға осы құбырдың жылу беру мүмкіндігі жетпейді.

в
Фото: Видеодан алынған скрин

- Диаметрі 700 мм жылу желілерін ауыстыру немесе көшіру мәселесі жаңа көпір салу не қолданыстағы орталық көпірге күрделі жөндеу жүргізу туралы түпкілікті шешім қабылданғаннан кейін қарастырылатын болады. Тиісті жұмыстар қабылданған техникалық шешімдер мен инженерлік коммуникациялардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып айқындалады,-деп толықтырды жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.

Қазіргі уақытта жаңа автомобиль көпірінің нақты бағыты мен құрылыс аумағының шекарасы бекітілмеген. Сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттама әзірленбегендіктен, Жайық өзенінің екі жағалауындағы жолдар мен инженерлік инфрақұрылымды қайта жоспарлау қажеттілігі әлі анықталған жоқ. Жер учаскелерін мемлекеттік мұқтаждық үшін алып қою мәселесі де қарастырылмаған.

Бұған дейін Махамбет ауданындағы Атырау – Орал және Атырау – Индер автомобиль жолдарын байланыстыратын көпірде ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілгенін жазған едік.