Үш ауысымды мектептер бес күндік оқу форматына көшпейді – Асхат Аймағамбетов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде үш ауысым бойынша жұмыс істейтін мектептер бес күндік жұмыс аптасына көшпейді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы оқу жылынан бастап 3 млн-нан астам оқушы бес күндік оқу форматы бойынша білім ала бастайды. Бірақ, үш ауысымды мектептер бұл форматқа көшпейді. Себебі бес күндік оқу олардың білім беру сапасына әсер етеді. Алдымен үш ауысымды мектептерді екі ауысымға көшіріп алу қажет. Жалпы бес күндік оқу форматына көшу мәселесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады», - деді Асхат Аймағамбетов елордадағы №86 мектеп-гимназияда өткен алғашқы қоңырау салтанатты шарасы барысында тілшілердің сұрағына жауап бере тұрып.

Министрдің айтуынша, бес күндік жұмыс аптасына көшу мұғалімдердің жеке өміріне уақыт бөліп, сабағына тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта еліміз бойынша мектептердің дені бес күндік жұмысқа көшуге дайын. Сондай-ақ, бес күндік оқу тек оқушыларға ғана емес мұғалімдерге де қатысты. Яғни ұстаздар да 5 күн ғана жұмыс істейді», - дейді А. Аймағамбетов.

Бұған дейін аталған ведомство басшысы 2025 жылы үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер проблемасының толық шешілетінін айтқан еді.

Сондай-ақ, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанған оқушылардың ЖОО-ға тегін түсе алатыны туралы хабарлаған болатынбыз.

Айта кетейік, бүгін білім күніне орай Асхат Аймағамбетов елордадағы №86 мектеп-гимназиясында алғашқы қоңырау салтанатты шарасына қатысты.


Соңғы жаңалықтар