Үш айда 115 мың өзбекстандық еңбек мигранты Отанына оралды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Жыл басынан бері шетелде жүрген шамамен 115 мың өзбекстандық еңбек мигранты Отанына оралды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен хабарлағандай, президент Шавкат Мирзиёев халықты жұмыспен қамту басты мәселе екенін атап өтіп, барлық деңгейдегі басшыларға оны жүйелі шешуді тапсырды.
«Қаңтар - наурыз аралығында 58 мың азамат, сәуірде 57 мың өзбекстандық Отанға оралды. Ал жыл соңына дейін тағы 250-300 мың адам елге қайтады деп күтілуде», - деп мәлім етті Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов.
Сәйкесінше Шавкат Мирзиёев жауапты органдарға көші-қон бойынша бірыңғай ақпараттық платформа құруды тапсырды. Сонымен қатар шетелде жұмыс істейтін және қиын жағдайға тап болған өзбекстандықтарды Отанына оралғаннан соң жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу міндеті жүктелді.
Қоса кетсек, бұған дейін Kazinform агенттігі Мәскеуде болған терактіден кейін Орталық Азиядағы миграцияның қалай өзгеруі мүмкін екенін бағамдап, талдау жасаған еді.