Үш қалада салынатын ЖЭО-лар құрылысын қаржыландыру мәселесі қашан шешіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында салынатын ЖЭО-лар бойынша Петербор экономикалық форумында талқылау болады. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.

ЖЭО
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысының алдында тілшілер министрден «еліміздегі үш жылу электр орталығының құрылысын ресейлік тарап қаржыландырудан бас тартты ма? деп сұрады.

— Менде ондай ақпарат жоқ. Бұл сұраққа нақты жауап беру үшін жақында Петербор халықаралық экономикалық форумы алаңында (биылғы 18-25 маусым аралығында) тиісті кездесу өтуі керек деп ойлаймын, — деді Е. Ақкенженов.

Оның айтуынша, қазір үш ЖЭО-ны салуға бюджеттен қанша қаражат жұмсалатыны құрылыс кезінде орнатылатын жабдықтарға байланысты айқындалады.

— Егер ресейлік жабдық болса, онда тиісті баға есептелген. Ал егер қытайлық жабдықтар пайдаланылса, сәйкесінше басқа баға шығуы мүмкін. Қазіргі кезде ресейлік және басқа да мердігерлер тарапынан нақты ұсыныс болмады, — деді министр.

Еске салсақ, былтыр сәуірде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының энергетика министрліктері арасында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО салу жобалары бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. 

Кейін еліміздің үш қаласында салынатын жылу электр орталықтары «Самұрық-Энерго» компаниясының теңгерімінде болатыны белгілі болды. 

Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша Көкшетаудағы жылу орталығы 2029 жылы, Өскемендегі орталық 2031 жылы, ал Семейдегі орталық 2032 жылы толық пайдалануға беріледі. 

Соңғы жаңалықтар