Үш кәсіпкер «Адал азамат» сыйлығымен марапатталды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада өткен «Адал азамат. Адал еңбек. Адал бизнес» форумында үш кәсіпкер «Адал азамат» сыйлығымен марапатталды.
«Адал азамат» сыйлығы экологияны қорғауға белсене атсалысқан, ESG-тәжірибелерін енгізуге елеулі үлес қосқан және осы жылдың көктемінде болған су тасқыны кезінде әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіпкерлерге берілді. Атап айтқанда, «ЭКО-DUMP» ЖШС директоры Әбішева Мәриям Серікқызы, «Абай Даулет» ЖШС басшысы Сәрсенбаев Мұрат Абайұлы, «Express Stroy Group (ESG)» ЖШС басшысы Сандыбаев Данияр Алшымұлы бұл сыйлыққа лайық деп танылды.
Ақмола облысында орналасқан «ЭКО-DUMP» ЖШС зиянсыз қалдықтарды жинау, органикалық қалдықтарды өңдеумен айналысады.
Қызылорда облысында орналасқан «Абай Даулет» ЖШС — ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және құрылыс тауарларын шығарумен айналысатын көпсалалы кәсіпорын.
Ал, Маңғыстау облысында орналасқан «Express Stroy Group (ESG)» ЖШС өндірістік құрылыс саласындағы жоғары сападағы әрі тиімді жобаларды жүзеге асыруға бағытталған компаниялардың тобы.
Марапат иелеріне табысталған естелік мүсінше алдағы уақытта ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы табысталатын арнайы байқаудың «Адал азамат» деп аталатын жеке номинациясында берілетіні аталып өтті.
Форум барысында Премьер-Министр елге жанашырлық танытқан кәсіпкерлерге алғыс айтты.
Сондай-ақ елімізде отандық тауарлардың және тауар өндірушілердің бірыңғай ашық реестрі әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
Одан бөлек, әзірленіп жатқан «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ТҮКШ саласына 10 триллион теңге инвестиция тартылатынын атап өтті.