13:29, 23 Тамыз 2022 | GMT +5
Үш күнде жол ережесін бұзудың 31 мың фактісі тіркелді - рейд
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жандос Мұратәлиев жол-көлік оқиғаларының алдын алу рейд нәтижесін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстары кеңінен әрі тұрақты түрде жүргізіледі. Оны ұйымдастыру үшін түрлі шаралар қолданылады. Осылайша, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жұмыстарды жандандыру және азаматтардың ішкі істер органдарының қызметіне деген сенімінді арттыру мақсатында биыл 19-21 тамыз аралығында рейдтік іс-шаралар өткізілді», - деді Ж. Мұратәлиев министрлікте өткен брифингіде.
Осы іс-шараға жергілікті атқарушы органдар, көлікті бақылау инспекциясы, денсаулық сақтау, білім беру органдары, салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі аумақтық орталықтар, мүдделі азаматтық қоғам институттары, бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
«Аталған рейд кезінде 31 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегі анықталды», - деді ведомство өкілі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылы Қазақстанда жол-көлік апаттары көбейді.