Үй-ішімізбен қоштасып шығамыз: Жол азабын тартқан ақтөбеліктер көмек сұрады

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Тұмабұлақ ауылының тұрғындары 50 шақырым жолды 3-4 сағат жүріп өтеді, кейде төтенше жағдайлар қызметінен көмек сұрауға мәжбүр. Науқас адамды орталыққа жеткізу кезінде көп қиындық көреді. Кейде азық-түлік жеткізе алмай қалатын тұрғындар әкімдіктен көмек сұрады, деп хабарлайды Kazinform.

жол
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының Тұмабұлақ ауылына апарар жолда тоқтаусыз жаңбыр жауып, қатынас қиындады.

Ауыл тұрғандары көктем мен күзде, жаздың жаңбырлы күнінде қатынас мүлде тоқтап қалатынын айтады. Ал қыста жолды қар басып қалады.

— Тұмабұлақ ауылы аудан орталығынан 110 шақырым қашықта орналасқан. Жолдағы Сарат ауылына дейін жол бар, ал біздің ауылға әлі салынбай, қиындық туғызып тұр. Біз 50 шақырым жолға 4-5 сағат жүрдік. Көлікті итереміз, балшықтан шығарып жіберіп, өзіміз жаяу жүріп, кейін қайта мінеміз. Қызылкебір жерінде жол жоқ, болса да жүруге жарамсыз. Жазда ақжауын болса 2-3 қатынас тоқтайды, — деді ауыл тұрғыны Әлжан Әкімжанов.

Ал ауыл балаларын жаттықтырып жүрген Тоқсанбай Айтмағамбетовтің айтуынша, ауыл адамдары бір-біріне хабарласып, ақылдасып, жолға шығып жүр.

— Сазға су сіңбейді, жаңбыр болған күні жиналып тұрады. Қиыршық тас та төсеген емес. Қызылкебірде көліктен түссең, аяғыңа аяқ киім болып жабысып қалады. Көлікке де жабысып, жүргізбейді. Кейде бір апта бойы ауылдан шыға алмай қалып, азық-түлік те болмай қалады. Екінің бірінде Уаз, Jeep жоқ. Жеңіл көлік болса, бірден тұрып қалады. Ауыл ақсақалдары облыс әкіміне хат жазып, апарып та берді. Өткенде келіншегім ауырып қалып, төрт сағатта әрең жеттік аудан орталығына, — деді ол.

Ал ауылда азық-түлік дүкені бар жеке кәсіпкер Мұрат Рахетов болса, кейде отбасымен қоштасып, жолға шығады.

— Жол жоқ бізде. Трассаның үстінде жүру мүмкін емес. Көлікпен бір-бірімізді сүйреп жүрміз. Кеше көлік тартуға мүмкіндік болмай, адамдар балшық кешіп, арқан тартқандай, көлік тарттық. Жеңіл көлікті сөйтіп шығадық. Жер жолға түссек көлікке асты тиеді. Қайта міну де бейнет. Ауыл жем де, көмір де алмады. Аудан орталығынан таңғы сағат 7:30–да шығып, ауылға 13:30–да келдік. Мынау не масқара? Балалар, әйелдер болғанда қиын. Өз басым қыста 112-ге хабарласып, көмек ала алмадым. «Бала бар ма, әйел бар ма» деп сұрады да, келмеді ғой. Ондай кезде таныс адам шақырып, қарды өзіміз күредік. Мен 2003 жылдан бері зат тасимын. Кейде адамдар отбасымен қоштасын, видеохабарлама қалдырады. Газ баллонын, байпақ, киім, тамақты дайындап, күрек алып, үймен қоштасып шығуға туралы келеді. Бірнеше көлік бірге шығып, бір-бірімізді сүйрей алсақ, бұл жақсы жеткеніміз. Ал жолда қалып 100 метрлеп қар күрегеніміз, аман-сау жеткеніміз. Жолдың жырынан кітап жазуға болады, — деді ол.

Тұмабұлақ ауылына әлі газ кіргізілмеген. Көмірдің бір тоннасы 40 мың теңгеге жеткен. Бұл — облыс орталығынан шамамен 1,5 есе қымбат баға.

— Жол жолын айтып, жиналыс жасайды. Қырып, тегістеп, қиыршық тас төсеп беретінін айтады. Кейін қарамайды. Көктемде аудан әкімдігіне барып, ескерту жасадым. Ол кезде емханаға барып, анализ тапсыруым керек болды. Алдын ала жазыламыз, ал біз уақытында жете алмаймыз. Бұрын 4-5 дүкен иесі бірге шығып, бірге баратын едік. Қазір көбі банкорт болып, жабылды. Екеуі ғана қалды. ГАЗельдің алдына трактор керек. Жылына он үй көшеді. 4-5 күннің ішінде екі үй кетті. Газ деп айтпаймыз, от жағып үйрендік. Жол қажет бізге. Екі сағаттың жолына 4-5 сағатымыз кетеді. Ауырса, арам өлуге болады. Мұнда дәріхана да жоқ. Адамдар қысқа деп қамданып, алдын ала алып келеді. Көшеге жарық жағу үшін бағана орнатты, бірақ әлі іске қоспады, — деді ауыл тұрғыны Гүлнар Мұстафаева.

Әйтеке би ауданының әкімдігі Тұмабұлақ ауылына апарар көтерме жол құрылысы үшін 47 шақырымды төртке бөлініп, жобалық-сметалық құжатын әзірлеп қойғанын хабарлады.

48-60, 60-72, 72-84,84-95,1 шақырым аралығын салуға арналған құжат сараптамадан да өткен.

Құжатты облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тапсырып, қаржыландыру күтіп отыр.

Соңғы жаңалықтар