«Ұят болады» деп он жыл шыдап, мүгедек болдым – дағдарыс орталығындағы әйел

 Ақтөбе қаласындағы дағдарыс орталығын былтыр 194 қызмет алушы паналады. Оның 64-і – әйел, өзгесі – бала. Kazinform тілшісіне сұхбат берген әйел күйеуінің жұдырығына жылдар бойы шыдап, мүгедек болып қалғанын айтады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болған ол далада қалғанда арнайы орталықтардың көп көмек болғанын айтып берді. 

әйел
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

Көпбалалы аналар саны басым — орталық қызметкері

Ақтөбе қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталықтың мекенжайы бөгде адамға белгісіз. Бұл жерде тек ана мен бала қамқорлыққа алынған. «Озбыр „еркек“ келіп қорқытып, қысым көрсетуі мүмкін» деп, бар мәлімет құпия ұсталады. Тіпті кіріп-шығушылардың бәрінің аты-жөні жазылып, алдын ала ескертіледі. Ал көмек сұраушылар қаладағы «Бақытты отбасы» орталығына барады, кейде полиция арқылы жеткізіледі.

«Орталық 50 төсек-орынға шақталған. Соның ішіне анасы мен баласы кіреді. Бұл жерде 8 арнаулы әлеуметтік қызмет түрін көрсетеміз. Әлеуметтік мамандар, ересектерге және балаларға арналған психологтар жұмыс істейді. Сонымен қатар екі тәрбиеші бар. Ішке келіп түсетін әйелдердің көбінің күйеуі нашақор, ішімдікке әуес. Басым бөлігі түн ішінде үйден қуып жібереді. Ол адамдар 102-ге хабарласып, полиция бізге әкеледі. Сонымен бірге „Бақытты отбасы“ орталығына да барып, көмек сұрайтындар бар. Зорлық-зомбылық құрбандары деп танылған жағдайда біз өзімізге қабылдаймыз. 2023 жылы 194 қызмет алушы келді. Оның 64-і әйел адам, 130-ы бала», — деді дағдарыс орталығының әлеуметтік мәселелер бойынша бөлім басшысы Айпан Өтежан.

Ереже бойынша дағдарыс орталығына жеткізілген ана мен бала алдымен оқшаулау бөлмесінде болады. Сол жерде дәрігерлер тексеріп, рентгенге түсіреді, қажет болса түрлі ем жүргізеді. Кейін жатын орны мен гигиеналық заттар беріледі. Қажет болса киім де табылады. Ес жиған соң баланы балабақшаға мен мектепке жіберіп, анасы жұмысқа орналасады. Талап осы.

«Қазір үш жасқа дейінгі балаларды сәбилер үйіне таңертең апарып, кешке алып кету қарастырылған. Бірақ үштен асқан баланы орналастыру жағы қиын. Сондықтан мемлекеттік мектепке дейінгі мекемеге орналастырудағы жеңілдіктер жайын сұрастырып жүрміз. Ішкі тәртіп бойынша әркім өз бөлмесін жинайды. Ас бөлмеде кезекшілік бар. Сыртқа шығатын уақытта шығу-келу уақыты көрсетіледі, рұқсатнама беріледі. Мұнда тағдыр айдап келетіндерді бөліп-жара алмаймын. Бірақ басым бөлігі көпбалалы ана. Кейде кешіріп, үйіне оралады. Алайда қайта айналып келіп, көмек сұрайды. Егер ажырасуға шешім қабылдаса, заңгерлер көмектеседі. Алты айда алдағы өмірі үшін ақша жинап, жұмыс істейді. Кейін орталықтан шығарылады», — деді Айпан Өтежан.

«Ұят болады» деп жүріп, балаларымның ұйқысы бұзылды — қызмет алушы

Отбасында зорлық-зомбылық көріп, таяқ жеген әйелдер әлі күнге дейін аты-жөнін жасырады. Олар ұялады, кейде қорқады.

«Осында қазан айында келдім. Қазіргі кезде төрт айға жуық уақыт болды. Бұл жерге келгенде жағдайым ауыр болды. Ұрып-соққаннан басым жараланып, бұған дейін ота жасатқан адаммын. Қазір үшінші топ мүгедегімін, талма ауруына душар болдым. Жолдасымда тоқтау болмады. Соңғы кездері балаларым ұйықысынан шошып оянып, «мама, ұрмасыншы» деп жылайтын болды. Содан ойланып, кетуге шешім қабылдадым. Балаларымды жиып, өз ойымды айттым. Олардың бәрі мені таңдап, өзіммен ере кетті», — деді 35 жастағы ақтөбелік әйел.

Ол үш ер баланы өмірге әкелген. Қазір күйеуінің бұрынғы әйелінен қалған қызды бауырына басып, көпбалалы ана атанып отыр. Орталыққа да төрт баласымен қабылданды.

«Қыз балаға «ұят болады» деп көп айтады. 10 жыл бойы ұрып-соқса да шыдадым. Әкем жерге қарамасын, сіңлілерім ренжімесін деп жүрдім. Отбасында мен және төрт сіңлім болды. Олар ұятқа қалмасын дедім. Шыдамның шегі бар екенін үш жыл бұрын біліп, орталыққа келдім. Ол кезде енем келіп, қайта қосты. Тағы үш жыл шыдағаныммен, ештеңе өзгермеді. Ерте шешім қабылдап, өзімді құрметтеуім керек еді. Әкеме қыз, әйел боп шаршағанымды, балаға ана ғана болатынымды айттым. Мұнда көп мүмкіндік берілді, уайымсыз күле аласың, қорықпайсың. Балаларымның ұйқысы тыныш. Түрлі үйірмеге қатысады. Бәріне алғыс айтамын. Педагогтері өте сабырлы. Адам психологиясын да жақсы меңгерген. Бар жағдайын көзіне қарап біледі. Екі ауыз жылы сөзі жан тебірентеді», — деді қызмет алушы.

Өзге елден қоныс аударған қазақ қызы қазіргі кезде еден жуушы болып жұмыс істейді. Әзірге төрт сағаттық еңбегінің жалақысы 60 мың теңге. Әрі ажырасу үшін сотқа арыз жазып қалдырды.

«Бұдан кейін өмірімде балаларымды аяққа тұрғызуым керек. Пәтер жалдаймын. Қазір жұмыста жүрмін. Балаларымды қор қылмаймын, үлгі тұтатын азамат қыламын. Олармен жиі сырласамын. Себебі жылулықты сырттан емес, менен алғанын қалаймын. Адамға екі ауыз жылы сөз айтсаң, жаныңды емдейді. Қазір қарап отырсам, ұят болады деп бірде-бір рет полицияға арыз түсірмеппін. Ал енді тек алға үмітпен қараймын», — деді ол.

Соңғы жаңалықтар