Үйі өртенген ақтөбелік бес баласымен далада қалды

Ақтөбе қаласында кеше түс мезгілінде Тоқмамбетовтер отбасының баспанасы түгелдей жанып кетті. 2004 жылы қалаға қоныс аударып, әр жерде пәтер жалдап жүрген Батыр Тоқмамбетов 2015 жылы бау-бақша ұжымынан жер сатып алады. Үй салып, өз күшімен баспанасын қамдаған. Ал биыл көктемде бау-бақша ұжымындағы үйі суға кетіп, қалалық әкімдік шығын ретінде 150 мың теңге берді. Сол қаржыға отағасы Батыр Тоқмамбетов баспанасының шатырын жөндеп, кейін өзі көше тазалаушы болып жұмысқа орналасады. Бүгін жылдар бойы бар жиған-тергені түгел күлге айналды.
«Жұмысқа түскі сағат 13:00-де кеткен болатынмын. Өрт сағат 14:30 шамасында болған. Хабарды естіп, үйге жүгіре келгенімде шатыры ортасына түсіп, түгел жанып кеткен. Ешқандай затты шығара алмадық. Көмекке көрші келіп, құтқарған. Үш балам үйде теледидар қарап отырған. Далада дыбыс шыққан соң үлкені інісін жұмсап, қаратады. Сол кезде «көке өртеніп жатыр» деп келіп, шығып, қайта кіре алмаған. Жан-жаққа айқайлап, көршілерді шақырып, 2 жастағы баланы алып шыққан»,- деді Жауһар Мұқашева. Қазіргі күні Тоқмамбетовтар отбасына көршілері мен достары көмектесіп жатыр. Көпбалалы отбасы біреудің үйіне барып, мазасын алуды жөн көрмей, ауласында түнеп жүр.
«Әкімдікке барып, көмек сұрадық. Төтенше жағдай болып, барымыздан айырылып, уайымға салынып барған кезде бізді тыңдайтын адам болмады. Кейін дауыс көтеріп, ашуланған кезде бізді қорқытып, ішкі ережелерін түсіндірді. Бізге өрт сөндірушілерден акт алу керек екен. Өрт сөндірушілер акт тек сенбі күні дайын болатынын жеткізді»,- деді Ж.Мұқашева.
Отағасы Батыр Тоқмамбетов шарасыз күйде отыр. Ол көзіне жас алып, қиындықтан шығар жолды таппай жүргенін айтып берді.
«Сол күні жұмыста болдым. Үйде 4 ұлымыз болып еді. Көршім телефон шалып, үйдің өртеніп жатқанын айтты. Келдім, ортасына опырылып түскен үйімді көріп, жылап отырып қалдым. Орнымнан тұра алмады. Бұл үйді жылдар бойы салып келемін. Есімізді әлі жия алмай жүрміз. Құжаттарымыз түгел жанып кетті. Баратын жер, басатын тауымыз қалмады. Бес баламен далада қалдық. Таңертең әкімдікке барып едік, олар бір-біріне сілтеді. Кейін «арыз жазуға қағаз сатып әкеліңіз»,- деді, өрт сөндірушілерден акт қажет екенін айтып түсіндірді. Қорытындысында электр желісінің қысқа тұйықталуынан болса, еш көмек болмайды екен»,- деді Батыр Тоқмамбетов.
Тоқмамбетовтер отбасында 5 бала бар. Үлкені Бақыт Қыраутай 12 жаста. Ол есін біледі, көз алдында өткен көріністі айтып, жылап алды.
«Көрші апа өрт сөндірушілерді шақырды. Өрт сөндірушілер кешікті, мен қатты қорқып қалдым. Ешқандай арманым жоқ, үй берсе болды. Түнде көршілеріміз көрпе беріп, біз аула ішіндегі күркеде түнеп шықтық. Жаз бойы шие жинап, оны сатып, ақшасын пештің ішіне сақтап жүргенбіз. Мектепке киім, оқу құралын аламыз деген ақшамызды, құжаттарды алып үлгермедік. Бәрі жанып кетті. 40 мың теңгеміз жанып кетті»,- деді Бақыт Қыраутай.
Тоқмамбетовтар отбасының үлкені Бақыт - 12, Арсен - 8, Нұрбек - 7, Сырғалым - 3, Әлхәкім 2 жаста. Бұл отбасы балаларға 12 мың теңгеден астам жәрдемақы алады. Балалардың анасы Жауһар Мұқашева еден жуушы болып жұмыс істейді. Табысы - 33 мың теңге. Ал отағасы жақында ғана Жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен көше сыпырушы болып жұмысқа орналасты. Қазіргі күні Жауһар Мұқашева 6 баласына аяғы ауыр.
«Балаларым қаңғып қалмасын деп ойлаймын. Балалар мектепке жинаған ақшасынан айырылды. Кітап құралдары да жанып кетті. Не істерімізді білмей жүрміз. Өзім бірер күнде ғана көше тазалаушы болып жұмысқа кірдім. Көктемде суға кетіп, 150 мың теңге өтемақы алдым. Сол кезде үйіміздің шатырын жөндеп едік. Бәрін күлге айналды»,- деді Батыр Тоқмамбетов.