Үйімізге аман оралғанымызға шүкіршілік етіп отырмыз — БҚО тұрғыны

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында су басқан үйлердің жай-күйі тексеріліп, шығындар есептелуде. Сырым ауданы Жымпиты ауылында үйіне оралған тұрғындардың бірі — Клара Сармұқанова Kazinform тілшісіне өз баспанасы туралы әңгімелеп берді.

Су тасқыны
Фото: Бауыржан Ширмединұлы

К.Сармұқанованың айтуынша, С. Сейфуллин көшесі 28-мекенжайында жұбайы Садық Рахымжанұлы екеуі тұрып жатыр.

Оның сөзіне қарағанда аталмыш үйге 1998 жылы кірген. Қазіргі кезде ұлы Орал қаласында тұрады, үйлі-баранды, қыздары тұрмыста.

Орал
Фото: Бауыржан Ширмединұлы

«Комиссия келіп, бәрін анықтайды. Жұбайым 74-те, бір аяғын сылтып басады, ауырып қала ма деп алаңдаймыз. Екеуміз де зейнеткерміз, суға кеткен жерлерді жөндеп берсе дейміз. Біржолғы әлеуметтік көмекті алдық. Көп адамның үйі құлап қалды, оған қарағанда, шүкірміз ғой, елмен бірдейміз», - деді К.Сармұқанова.

Су тасқыны
Фото: Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Қайрат Төлеповтің мәлім еткеніндей, ауданда суға кеткен 238 үйдің 114-і тұруға жарамсыз деп танылды. Бұлардың салатын орындары белгіленді. Кейбіреулері бұрынғы орындарына, қалғандары инженерлік желілер тартылған жаңа жерлерде тұрғызылады.

Су тасқыны
Фото: Бауыржан Ширмединұлы

«Жөндеу қажет ететін үйлерге бағалау жүргізіліп жатыр. Шығындар есептелгеннен кейін біз ақпаратты облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасына береміз. Басқарма арқылы қаражат келгеннен кейін оны тұрғындардың есепшотына аударамыз. Ал есепте тұрған малға өтемақы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы жүргізіледі. Биылғыдай тасқын су зардаптарына жол бермеу мақсатында алдағы уақытта Жымпитыда Өлеңті өзені жағалауында және Бұлдырты, Жетікөл, Қособа ауылдарында бөгеттерді биіктету жұмыстары атқарылатын болады», - деді Қ.Төлепов.

батыс
Фото: Бауыржан Ширмединұлы

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда суға кеткен 820 үйге тұрғындардың қайтып оралғанын жазған болатынбыз.

Жайық өзенінің деңгейі Орал қаласында 8 метрге жуықтады.

Соңғы жаңалықтар