Үйірмелерге төлем жасау «әлеуметтік әмиян» арқылы жүзеге асырылмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде спорттық және шығармашылық үйірмелерге төлем жасау «әлеуметтік әмиян» қызметі арқылы жүзеге асырылады. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин айтты.
Оның айтуынша, «әлеуметтік әмиян» eGov аясында жұмыс істейді. Бүгінде оны мектеп оқушылары ыстық тамақ ішу үшін, мемлекеттік дәріханаларда дәрі-дәрмек сатып алу үшін қолданады. Ал биыл бұл жоба тағы да 10 мемлекеттік қолдау шарасы кезінде қолжетімді болмақ.
— Білім саласында кеңейтеміз. Өйткені, ол жерде үлкен әлеует көріп отырмыз: мектепке дейінгі және қосымша білім беру, спорттық және мәдени секциялар бойынша үйірмелер, — деді ол Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, «әлеуметтік әмиян» арқылы азаматтың нақты бір қолдау шарасын алғанын не алмағанын тексеруге болады.
— Төлем жайында айтар болсақ, баланың сол күні секцияға, үйірмеге шынымен барғаны не бармағаны анықталады. Сол арқылы бюджет бойынша есебі мен орындалған жұмыс актісі автоматты түрде қалыптастырылып, сол арқылы төлем өтеді, — деді Ростислав Коняшкин.
«Әлеуметтік әмиян» цифрлық сервисі енгізілген сәттен бастап азаматтарға ыңғайлы цифрлық форматта дәрі-дәрмек беру бойынша 13 млн-нан астам қызмет көрсетілді.
Сонымен қатар тауарлық газға арналған «әлеуметтік әмиян» газдандырылған өңірлердің бәріне таратылады.