Ұзақ жасаудың сыры еңбек пен жан тыныштығында — 114 жастағы кейуана
ЖАҢААРҚА. KAZINFORM — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздегі жүзден асқан қариялар тізімін жариялады. Белгілі болғандай, оңтүстік өңірлерде солтүстік облыстармен салыстырғанда жасы 100-ден асқан қазақстандықтар көбірек. Ал ең қарт Қазақстан тұрғыны — 114 жаста. Әжей Kazinform агенттігінің тілшісіне ұзақ өмір сүрудің құпиясын айтып берді.
114 жастағы Түймегүл Темірбаева 1910 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Байқадам ауданында дүниеге келген. 22 жасында Аязбай Темірбаевқа тұрмысқа шыққаннан бері 92 жыл бойы Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында тұрады.
Ғасыр жасаған кейуана төрт баласынан 15 немере мен 25 шөбере сүйген. Әженің үлкен баласы зейнетке шығып, 70-ке жетіп қалған, ал кенжесі 60 жаста.
Айта кету керек, Түймегүл апаның өмірлік жолдасы да ұзақ ғұмыр кешкен. Отағасы 96 жасында дүниеден озған.
«Жұбайыммен ұзақ әрі бақытты өмір сүрдік. Төрт бала тәрбиеледік. Қазір балаларымның, немере-шөберелерімнің ортасында, солардың қызығын көріп отырмын. Балаларым әрдайым мені қуантып, қамқор болып жүреді. Мүмкін ұзақ өмір сүруімнің бір құпиясы осында шығар», — дейді Түймегүл Темірбаева.
Әжейдің айтуынша, ұзақ ғұмыр кешудің тағы бір басты құпиясы — еңбекте, жан тыныштығында. Қарияның өмір жолында қандай қиындықтар болмасын, бәрін табандылықпен және еңсесін түсірмей жеңе білген.
«Отбасымызда үш бала бірге есейдік. Ата-анам жылқышы болатын. Есімді білгелі өмірім жылқылармен бірге өтіп келеді. Бие сауып, қымыз ашыттым, үй шаруасына көмектестім. Небәрі үш жасымда анамнан айырылып, жетім қалдым. Сондықтан үй шаруасын ерте жастан бастап үйренуге тура келді. Тұрмыс құрғаннан кейін де жұбайыма көмекші, демеу болдым. Ешқашан ауыр жұмыстан қашқан емеспін. Жас кезімде жылқыларға суды шелекпен тасыдық. Бие сауып, жүздеген литр сүт тапсырдық. Меніңше, ұзақ өмір сүрудің тағы бір құпиясы — әрқашан атқа мінгенді ұнатқанымда деп ойлаймын. Қартайғанша ерден түскен жоқпын. Жұмыстың басым бөлігі ат үстінде атқарылды», — дейді Түймегүл апа.
Әжей қазір де қол қусырып отырмайды. Немерелерінің айтуынша, ол әлі де үй шаруасына көмектесіп күйбеңдеп жүреді. Бәрі әжесін үлгі тұтады және олардың отбасында ұзақ жасайтындар әлі де аз болмайтынына сенімді.
Бұған дейін Түймегүл әжей Jibek Joly эфирінде қазақстандықтарға батасын берген болатын.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жүзден асқан 423 адам тұрады.
«Айта кету керек, елдің оңтүстік аймағында жүз жасағандар көбірек. Түркістан облысында 100-ден асқан 64 адам бар. Ұзақ өмір сүретіндер саны бойынша екінші орында еліміздің ең ірі қаласы — Алматы орналақан. Онда 100 жастан асқан 48 адам тұрады. Ғасыр кешкендер саны бойынша үшінші орында Алматы облысы тұр, онда 100 және одан жоғары жастағы 38 адам тұрады. Ең қарт Қазақстандықтардың үштігіне Ұлытау облысының тұрғыны — 114 жас, Павлодар облысының тұрғыны — 112 жас және 110 жастағы қария тұратын Түркістан облысы кірді», — делінген Еңбек министрлігінің хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, 1 қазанда бүкіл әлемде Халықаралық қарттар күні аталып өтеді. Бұл мереке 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 45 сессиясында жарияланды.
Қазақстан БҰҰ стандарты бойынша қартайған елдер қатарына кіреді.