Үздік қымыз байқауының жеңімпаздары 45 млн теңге жүлде алады
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада ұлттық дәстүрді дәріптейтін ерекше шара — қымызмұрындық фестивалі өтті. Фестивальге келушілер ұлттық тағамдардан дәм татып, салт-дәстүрмен жақын танысуға мүмкіндік алса, ұйымдастырушылар жазда өтетін ауқымды қымыз фестиваліне дайындығын бір пысықтап алды. Онда Қазақстанның үздік қымыз өндіруішлеріне 45 миллион теңге жүлде берілмек.

Күн райының құбылғанына қарамастан қымыз фестиваліне келгендердің қарасы қалың болды. Еліміздің 10 аймағынан жеткен қымыз өндірушілер бас қосып, әрбірі өзінің өнімін жарнамалап әлекке түсті. Жалпы Қымызмұрындық — тіршілігі табиғатпен етене байланысқан халқымыздың Наурыз бен сабантой секілді маңызды мерекесінің бірі әрі ынтымақ пен еңбектің көрінісі.

Қымызмұрындық халық жайлауға шығып, бие құлындап, ақ көбейгенде тойлана бастайды. «Көпке бұйырсын» деген тілекпен ақсақалдар, ағайын-туыс, көрші-қолаң арнайы шақырылып, алғашқы дәм ұсынылады. Халық та бұл мерекеде «Сауар көп болсын!», «Ақ мол болсын!», «Ақтан айырмасын» деп тілек айтқан.

− Қымызмұрындық — көшпелі жұрттың мерекесі ғой, соны заманауи тұрғыда тойлағымыз келеді. Оның ар жағында халықты қымыз ішуге шақырамыз. Қымызды дастарханымызға қайтарғымыз келеді. Жастар қазір қымыз ішпейді, ішім ауырады дейді. Бірақ негізі ең пайдалы сусын, Құдайдың бізге берген сусыны осы қымызымыз. Осыны біз ішуіміз керек. Ұлтымыздың денсаулығы мықты болуы керек, − деді фестиваль авторы Жұмажан Қалтаев.

Бұл сусынның құнан қымыз, дөнен қымыз, түнемел қымыз, бал қымыз секілді түрлері бар. Оларды дайындау тәсілі әртүрлі. Қымыздың құрамында пайдалы элемент көп, шөлді қандырып, тіпті оған бидай, мейіз, қазы, май салып ішкен. Тобылғымен ысталған күбіде піскен. Енді осы мәдени байлықты әлемге таныту үшін шілде айында Астанада үлкен фестиваль өтеді.

− 19-20 шілдеде Астанда Байқымыз фестивалі өтеді. Оған Қазақстанның барлық өңіріндегі фермерлерді шақырамыз. Қазақ асханасы ет, бауырсақ, қуырдақпен шектелмейді. Басқа да алуан түрлі тағамдарды көрсетеміз, кептіру, қақтау, ыстау жолдарын үйретеміз. Ең үздік қымыз өндірушілерге жалпы қоры 45 миллион теңге жүлде береміз. Осылайша ұлттық сусын өндіретін кәсіпкерлерді қолдағымыз келеді. Қазір біз этно және гастротуризмді дамытып жатырмыз. Қымыз ішу үшін Франциядан, Италиядан, Аустралиядан туристер келгенін қалаймыз. Өйткені қымыз — халқымыздың қуатты сусыны. Біз қымызды жаңа деңгейге көтергіміз келеді. «Қымыз ішсе, іш ауыртады» деген стереотиптерді жойғымыз келеді. Сапалы қымыз ешқашан асқазанды ауыртпайды, керісінше денсаулыққа пайдалы болады, − деді танымал этнограф, BaiQymyz фестивалінің ұйымдастырушысы Әйгерім Мұсағажинова.
Жобаның басты мақсаты — отандық қымыз өндірушілеріне қолдау көрсету, қазақтың дәстүрлі сусынын қазіргі адамдардың дастарханына қайта оралту және оның пайдалы қасиеттері туралы кең аудиторияға жеткізу.

— Қымызда 37 түрлі дәрумен бар, онымен туберкулезден емделіп, гемоглобинді қалыпқа келтіруге болады. Бұл — біздің қымыздың басты ерекшелігі. Ең алдымен бие сауылған соң, міндетті түрде көбігін ішіп көру керек, себебі бар дәрумен сол көбікте болады. Адамдар қымыз ұзақ тұрса, сапасы бұзылады деп ойлайды. Бұл қате пікір. Қымыз неғұрлым ұзақ тұрса, соғұрлым құнарлы болады, — деп әңгімеледі Жаңаарқаның қымыз өндірушісі Анар Құрманова.

Фестивальде қымыз ғана емес, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар, этноөнімдер мен қолөнер бұйымдарының көрмесі, мерекелік концерт пен гастрономиялық фестиваль өтті. Сонымен бірге, ұлттық тағамдардың заманауи өмірге қалай бейімделіп жатқанын көріп, қымыздан жасалған балмұздақ сияқты жаңа, ерекше және қызықты тағамдарды татып көрді.


Бұған дейін Қазақстанның Париж орталығында өткен халықаралық гастрономиялық фестивальге қатысқанын хабарлаған едік.