«Үздік педагог» атағының иегері 4 млн теңгеге жуық сыйақы алады

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде ұстаздарды қолдау мақсатында «Үздік педагог» байқауы басталды. Жеңімпаздарға 1000 АЕК (3,9 млн теңге) көлемінде мемлекеттік сыйақы қарастырылған.

«Үздік педагог» атағының иегері 4 млн теңгеге жуық сыйақы алады
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Байқау аясында мұғалімнің білім саласын дамытуға қосқан үлесі, ұстаз қызметінің тиімділігі мен оның кәсіби шеберлігі ескеріледі.

Жарысқа мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері қатыса алады.

Конкурс үш кезеңнен тұрады:

1-кезең — аудандық, қалалық деңгей (8-25 шілде);

2-кезең — облыстық деңгей (28 шілде- 15 тамыз);

3-кезең — республикалық деңгей (18 тамыз — 18 қыркүйек).

Екі кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған педагогтер республикалық деңгейге өтеді. Байқауға қатысуға өтінімдерді қабылдау, тіркеу, конкурс құжаттарын тапсыру, бағалау uzdikustaz-nobd.edu.kz веб-порталында жүзеге асырылады.

— «Үздік педагог» Республикалық конкурсы 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі байқау. Осы уақытқа дейін 700-ге жуық жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған мықтылар анықталды.«Үздік педагог» атағына білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін және құжаттарды тапсыру кезінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар педагогтер үміткер бола алады. Олар — балабақша, мектеп, колледж мұғалімдері, — делінген министрлік хабарламасында.

Байқауға қатысу туралы қосымша ақпаратпен Оқу-ағарту министрлігінің сайтынан танысуға болады.

Айта кетелік «Ауыл мектебі — сапа алаңы» республикалық жобасына 1,5 мың мектеп қосылатыны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар