Вакцина коронавирус инфекциясын жеңіл өткеруге көмектеседі – эпидемиолог

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Вакцина алған адам коронавирус инфекциясын жеңіл өткереді. Бұл туралы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті эпидемиология кафедрасының меңгерушісі Салтанат Оразбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вакцина коронавирус инфекциясын жеңіл өткеруге көмектеседі – эпидемиолог

Ақтөбелік эпидемиолог, инфекционист пен дәрігерлер елдегі үш түрлі вакцинаның тиімділігін тұрғындарға түсіндірді. Мәселен Ресей ғалымдары ойлап тапқан «Спутник V» вакцинасы - аденовирус негізінде жасалған. Сөйтіп аденовирусқа коронавирустың ақуызы енгізіліп, вакцина алынды. Қазіргі кезде «Спутник V» вакцинасы Қарағанды фармацевтикалық кешенінде шығарылады. «QazVac» және «Hayat Vax» вакциналары – инактивацияланған вакцина, яғни, коронавирустың жойылған вирусы қолданылған. «Спутник V» вакцинасының тиімділігі 92%, «QazVac» 96%, «Hayat Vax» екпесінің тиімділігі 79%.
«Кез келген адам вакцина салдырмас бұрын дәрігерге қаралады. Әдеттегідей дене қызуы өлшеніп, сұраққа жауап береді. Дәрігер тексергеннен кейін ғана вакцина қабылдауға болады немесе қарсы көрсеткіші бар екенін айтады. Аллергия, қант диабетіне, қан қысымының көтерілуіне қарсы көрсеткіш жоқ. Бұл дертке шалдыққандар да вакцина салдырса болады. Біз вакцина арқылы ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, қалыпты өмірге бір табан жақындай түсеміз. Сөзімізге қазіргі Израильдегі жағдай дәлел. Ол елде 2020 жылдың желтоқсан айында вакцинациялау басталды. Ал биыл сәуірде маска тағу секілді бірқатар шектеуді алып тастады», - деді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті эпидемиология кафедрасының меңгерушісі Салтанат Оразбаева.
Вакцинаның бірінші дозасын салдырғанда адам ағзасында иммунитет қалыптасады. Екінші доза адам ағзасындағы антиденелердің мөлшерін көбейтіп, бірінші дозаның әсерін күшейтеді
«Вакцина салдырған адам коронавирус инфекциясын жеңіл өткереді. Ауыр және орташа ауырлықта өтуден қорғайды. Қазір бізде дерттің ауыр түріне шалдыққандар көп. Сонымен бірге вакцина алдында әр адам қол қояды. Егер құжатқа қол қойылмаса, вакцина жасалмайды. Бұл мәжбүрлеу туралы көп сұрақтың жауабы», - деді Салтанат Оразбаева.