Вакцина салдырған балаларды үш күн бойы бақылаймыз – Ақтөбенің бас инфекционисі
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде 12-18 жастағы балалар білім ордасында вакцина салдыра алады. Оларды егу кезінде ата-аналары жанында болуға құқылы. Сонымен бірге дәрігерлер үш күн бойы бақылау жүргізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеде балалар мен жүкті әйелдерді вакцинациялау жұмыстарын жүргізетін медицина қызметкерлері арнайы біліктілігін арттырды.
Қазіргі кезде вакцинаны сақтайтын екі мұздатқыш Ана мен бала орталығында тұр.
Ал емхана мен білім ордасына жеткізілген соң +2 +8 градуста сақтауға болады.
«Өз қорабында сақтау үшін -90-60 градус болуы тиіс. Сақтау мерзімі - 9 ай. Бізде мұздақыштар бар. Ал тасымалдаған соң +2 +8 градуста сақтауға болады. Сол күйімен 31 күн сақтауға рұқсат берілген. Бұл вакцина да екі компонентті. Мониторинг жүргізілді, ескертулер қабылданып, қателіктер жойылды», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.
Айта кетейік, вакцина өзге екпелер секілді әсер етуі мүмкін. Екпе қабылдаған орын қызарып, дене ауырса қалып деп саналады. Басы да ауыруы ықтимал.
«Вакцина салдырған соң бала 30 минут арнайы бөлмеде бақылауда болады. Кейін сабағына барады немесе үйіне жіберіледі. Үш күн бойы бақылаймыз. Медицина қызметкерлері мен мұғалімдер назарына алады. Аудио, видео материал жіберуін сұраймыз. Біз видеохабарлама жолдаған дұрыс деп ойлап, соны сұрап отырмыз. Келісім беріп жатқан, сол вакцинаны күтіп отырған және қарсы болып жатқан ата-аналар бар», - деді облыстың бас инфекционисі Мейрамбек Құрманғазин.