Вандализм: Айналасын қиратып жүретін балалардың өмірге өкпесі бар

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Бүтінді бүлдіріп, қиратып жүретін балалардың кейбірі өзіне назар аударғанын қалайды, кейбірінің өмірге өкпесі бар. Бұл балалардың ата-анасы Әкімшілік құқық бұзу кодексінің екі бабы бойынша жауапқа тартылады. Бала неге айналасына қырғидай тиеді? Вандализммен күресте кім жеңді?

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Сквердің мүлкін тас-талқан етіп сындырып бітірді — әкімдік

Ақтөбе қаласында аялдама, жарықшамдар, балалардың ойын алаңдарындағы әткеншек, сырғанақ, орындықтар, автобус іші жиі бүлінеді.

Аялдамада адам отырар орындықтың ағашы жұлынған, әйнегі шытынаған, саябақтардағы мәрмәр тастарға түрлі сурет салынып, әткеншектердің темір шынжыры үзілген, жарықшамдар сынған.

Балалар біраз уақыт бойы бос тұрған үйді, ғимаратты көрсе терезесіне тас лақтырып сындырып кетеді. Кей кезде саябақ пен скверлердегі ескерткішке мініп алады.

Ақтөбеліктер көргенін видеоға түсіріп, шара қолдануды сұрап жатады. Қалалық әкімдік болса, жыл сайын жаңартылғанымен, жыл сайын іске асқысыз күйге түсетін саябақтардың да бар екенін айтты.

— Вандалдар көпшілік жағдайда белгіленбеген орындарға ірі габаритті қоқыс, құрылыс материалдарының қалдықтарын төгіп, табиғатты бүлдіріп кетеді. Ағаш арасына, судың бойына, қала сыртына қоқыс тастайды. Тіпті көлікпен зират аумағына апарып қоқыс төгу, зираттың қоршауын құлату жағдайы да болды. Одан басқа көше шамдарын, жерасты өткелдеріндегі шамдарды, бейнекамераларды жиі сындырып, қабырғаларын бояп тастайды, ішіне дәрет сындырады. Қалада контейнерлерді өртеу, аялдамалардың әйнектерін сындыру, қоқыс жәшіктерін, орындық, әткеншек сияқты көше мүлкін, саябақ жиһаздарын сындыру, гүлдерді жұлу фактілері кездеседі. Полиция вандалды ұстап, іс тіркеген жағдайда заң баптары бойынша айыппұл салады. Және де қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына хабар береді. Бөлім қала мүлкіне залал келтірілді деп хат бергеннен кейін қалпына келтіру шығынын сындырған адам өтейді, — дейді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Егер бүлдіріп, қиратқан адам табылмаса, Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен Алматы және Астана аудандарының әкімдіктері қалпына келтіреді.

— Контейнер өртенген жағдайда аудан әкімдіктері ауыстырады. Көше шамдары сынғанда күтіп ұстаумен айналысатын мердігер ұйымға міндеттеледі. Егер саябақтарда әткеншек, орындық сындырған болса, мұнда да мердігер ұйымның мамандары айналысады. Бірақ кейде жөндеуге келмейтіндей етіп қиратып тастайтын жағдайлар да кездеседі. Мысалы Есет батыр тұрғын алабына кіреберістегі желілік сквердің мүлкін тас-талқан етіп сындырып бітірді. Оны жыл сайын жөндеп келді. Өзі осы екі-үш жылдықта пайда болған саябақ. Биыл оны толық жөндеу үшін демеушілер тартылып жатыр, — деді Айгүл Байменова.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексте екі бап бар — полиция

Полиция қала мүлкін қиратқандарды көшедегі бейнебақылау камерасынан, кейде әлеуметтік желіге мониторинг жасау кезінде анықтайды.

Мұндайда екі баптың бірімен хаттама толтырылады. Біріншісі Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 128-бабы, яғни, «Кәмелетке толмаған адамды әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға тарту» бабы бойынша айыппұл салынады.

Екіншісі «Кәмелетке толмағандардың вандализмі» бабы бойынша 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Сонымен бірге 100 АЕК көлемінде айыппұл салынып, 10 тәулікке қамалуы мүмкін.

Бұл «мемлекет қорғайтын тарихи-мәдени мұра объектілерін, тарих және мәдениет ескерткіштерін, табиғи объектілерді жазулармен немесе суреттермен немесе қоғамдық имандылыққа қиянат жасайтын өзге де әрекеттермен қорлауы» дерегі тіркелсе қолданылатын шара.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

— Кәмелет жасқа толмаған, соның ішінде 7-9 сынып оқушылары қоғамдық орындарда жарықшамдарды сындырады, әткеншектерді, орындықтарды қиратады. Балалары үшін ата-аналары жауап береді. Былтыр Есет батыр тұрғын алабында балалар жанып тұрған шымды қиратып, ата-аналарына айыппұл салынды. Сонымен бірге таяуда зираттағы құлпытастарды, қоршауды қиратқандардың ата-анасы жауапқа тартылды, бүлінгенді қайта қалпына келтіруді мойнына алды. Егер өз еркімен қайта қалпына келтірмесе, жергілікті атқарушы орган, жеке тұлға сот арқылы шығынды өтеп ала алады, — деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Вандализм ішкі күйзеліс пен ашудың сыртқа шығуын көрсетеді — психолог

JAN AHUAL психологиялық орталығының психолог-әдіскері Сәндігүл Байдуашова оқушылармен тығыз жұмыс істейді, жеке қабылдауына келген ата-ана және баланың мұңын тыңдайды.

Ол баланың «ақылды тентек» болғанымен, кейде бұзақыға айналып шыға келетінін жасырмады. Бағынбайды, мінезі тік болған соң мұғалімге, ата-анаға, ересектерге қарсы шығады, айтқанды тыңдамайды, өз білгенін істеп, дегенімен жүреді. Мұндай балалар да бар.

Сонымен бірге қасақана, әдейі жасалған бұзақылық, құрдастарына еріп, мүлікке зиян келтіру, қоғамдық тәртіпті бұзу. Психолог осы қасиеттердің аражігін ажыратып берді.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

— Вандализм дегеніміз — қоғамдық тәртіпке қарсы шығу немесе қоғамдық мүлікті бүлдіру. Неге бұған барады? Түп тамырын қазбалайтын болсақ, психологиялық тұрғыда өзіне назар аудартуға әкеліп тұр. Бос уақытын тиімді өткізбеу, достарының ықпалы, яғни, топтық қысымға қарсы шыға алмай, бірге жүру. Тәртіп немесе бақылаудың әлсіздігі, қоғамдық жүйеге деген наразылықтың белгісі, білім және мәдениеттің төмен деңгейі деп бағалаймыз. Бұл жерде назар аударту ол қарапайым адамдардың назарын аударту емес, ата-анаға қарсылығын көрсету, белгілі бір жердегі әкімшілікке қарсы шығу. Яғни өзінен жоғары адамдардың өзіне көңіл аударту. Бос уақытта тиімді өткізбеу туралы айтар болсам, айналысатын шаруа немесе қызығушылық болмаған соң өзіне «жұмыс» тауып алып тұр. Бала бойындағы энергиясын қайда жұмсарын білмей, көз алдында тұрған нәрселерді бұзуға тырысады. Бұл қиратушы әрекет. Біреуге қарсы шығу емес, жарқырап, жайнап тұрған нәрселерді бүлдіріп, өз ашуын шығарады. Балалар арасында достарының ықпалынан шыға алмайтындары да бар. Ол бүтінді бүлдірген кезде өзінің батылдығын, еркін, ешкімнен қорықпайтынын көрсетеді немесе біреудің қысымымен жасайды. «Батыр болсаң, бүлдір, сындыр» деп қайрайтын адамдарға ереді, — дейді психолог. 

а
Фото: JAN AHUAL психологиялық қолдау орталығы

Оның айтуынша, тәрбие мен бақылаудың әлсіздігі, отбасындағы қарым-қатынастың салқын болуы, ата-ананың дұрыс бағыт-бағдар бермеуі вандализмге итермелейді. Сөйтіп бала ата-анаға ашуланып, үйде көрсете алмағанын сыртта шығарады. 

Ал қоғамға жеке наразылық өз орнын таба алмай, әділетсіздікке тап болған жағдайда көрінеді. Ол айналасын қиратады, сындырып, жұлып, үзіп тастағанын біреудің заты деп ойлайды. Балалар қоғамдық орындардағы мүлік бұл біздің де затымыз екенін түсіне бермейді.

«Бүлдірсем ашуымды алдым, сол арқылы қарсы екенін, әділетсіздік бар екенін көрсеттім» деп ойлайды.

а
Фото: instagram.com/batys_altynorda

— Психолог шынайы немесе жай ғана кешірім сұраудың айырмасын жұмыс барысында көреді. Біреуі кешірім сұрап, өзіне ұпай жинайды, жазадан қашады. Шынайы кешірімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол сәтте психологпен жұмыс істесе, бәрі көрінеді. Шынайы ма, бас пайдасы ма? Тағы бір айта кетерлігі, білім мен мәдениеттің төмен деңгейі бұл тарихты, мәдени құндылықтарды бағаламаудан туындайды. Вандализм ішкі күйзеліс пен ашудың сыртқа шығуын көрсетеді. Көп жағдайда 15-19 жас аралығындағы жастар осындайға баруы мүмкін. Кішкентай балалар көп бара бермейді мұндайға. Алдын алу үшін мәдени іс-шараларға тарту керек, үлгі боларлық тұлғаларды насихаттау қажет. Отбасындағы қарым-қатынасты нығайту керек. Мектепте тәрбие жұмысы жасалып жатыр. Бірақ шынымен де үлгі боларлық жұмыс жүргізу керек. Тіпті балаларға психологиялық үйірме қосу артықтық етпейді. Тарихи мұралар туралы тек тарих сабағында айтылып қалады. Оны да кең таныстыру керек, — деді JAN AHUAL психологиялық орталығының психолог-әдіскері Сәндігүл Байдуашова.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Еске салсақ, былтыр Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды

Заң күшейгенімен елімізде вандалдар сындырып, бүлдіруін тоқтатар емес. Көбіне әйнекті сындырып, зираттағы құлпытасты қиратады, түрлі орындарға жазып кетеді.

Соңғы жаңалықтар