Вандализммен күрес: Астанада жыл басынан бері 54 адам қамауға алынды

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада жыл басынан бері 54 адам вандализм бойынша қамауға алынған. Одан бөлек, 80 адам әкімшілік жауапқа тартылып, 26 адам 4 миллион теңгеден астам айыппұл төлеген. 

Вандализммен күрес: Астанада жыл басынан бері 54 адам қамауға алынды
Фото: pixabay.com

«Бүгін LIVE» бағдарламасында вандалдарды жауапқа тарту және аталмыш мәселемен күресу жолдары көтерілді. 

– Жалпы вандализм әрекеттеріне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 294-бабына және Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 147-1-бабына сәйкес жаза көзделген. Бұл – бөтеннің мүлкін қорлау, қасақана бүлдіру. Мұндай әрекеттер үшін ӘҚБтК-ге сәйкес 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар соттың шешімімен 20 күнге дейін әкімшілік қамауға алу мүмкін. Ал Қылмыстық кодекске сәйкес, 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді. Оған қоса, қоғамдық жұмыстарға тартылады. Мәселен, былтыр Астана қаласы бойынша 300-ден астам азамат 147-1-бап бойынша жауапқа тартылды. Сондай-ақ 180-нен астам тұрғын әкімшілік айыппұл төлеп, 130-дан астамы әкімшілік қамауға алынған, - дейді Есіл ауданы ПБ басшысының орынбасары Азамат Садықов.

Азамат Садықов
Фото: Видеодан алынған скрин

Ол өз кезегінде нақты қандай әрекеттердің вандализмге жататынын атап өтті. 

– Егер азаматтар қоғамдық құндылықтар, тарихи-мәдени ескерткіштер, мәдени нысандарды бояу, сызу, бүлдіру әрекеттерін жасаса – бұл вандализмге жатады. Ал тұрғын үйлерді сызу, бояу ұсақ бұзақылыққа жатады. Ол үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабында көзделген «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу» туралы заңмен жауапкершілікке тартылады. Мұндай бұзақылар көбіне түрлі үйлерді, аялдамаларды, өзге адамдардың көлік құралдарын бүлдіреді, - дейді Азамат Садықов. 

Полиция қызметкерлері азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Тіпті көпқабатты үй тұрғындарының чаттарына қосылып, ескерту шараларын қабылдайды екен.

– Біздің учаскелік полиция қызметкерлері тұрғындардың чаттарында да бар. Олар онда түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Одан бөлек, мектептер мен университеттерде дәрістер өткізіп, алдын алу шараларын жасайды. Жалпы вандал әрекеттерін біздің қызметкерлер камера арқылы бақылап отырады. Егер арызданушылар келіп, арыз жазса, біз іздестіру жұмыстарын жүргіземіз, - дейді полиция қызметкері.

Осыдан екі жыл бұрын «Жастар Рухы» Жастар қанатының бастамасымен «Вандализмге жол жоқ!» акциясы басталған еді. Іс-шара барысында ерікті жастар вандалдардың кесірінен зардап шеккен тарихи-мәдени нысандарды тазартты. 

– Вандализм тақырыбы өте өзекті. Сол себепті «AMANAT» партиясының жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты «Вандализмге жол жоқ!» атты акциясын бастаған едік. Оған республика бойынша 3 мыңға тарта жас атсалысты. Акция аясында 700-ге жуық ескерткіш пен киелі орындарды біздің жастарымыз бен қоғам белсенділері тазартты, - деді «Жастар Рухы» Жастар қанатының Астана қалалық филиалының төрағасы Арсланбек Мағзұм.

Арсланбек Мағзұм
Фото: Видеодан алынған скрин

Бұл акцияның негізгі мақсаты – жастарды тазалыққа тәрбиелеу. Себебі студия қонағы мұндай әрекеттерді көбіне жастар істейтінін айтады. 

– Ол шараның басты мақсаты – жастар арасында вандализмге қарсы мәдениетті қалыптастыру. Себебі мұндай әрекеттердің салдарымен ғана күресу жеткіліксіз. Біз жастарды тәрбиелеп, жағдайдың алдын алуымыз керек. Акцияға қатысуға тек жастар ғана емес, ата-әжелер де ниет білдірді. Олар бізбен бірге шығып, тазалау жұмыстарына қатысты. Біз Бурабай кешенінде Жұмбақтасты тазарттық. Таңбалы тас, Спасск этно-мемориалдық кешені сынды нысандар да тазартылды. Біздің тәжірибемізге сүйенсек, мұндай әрекеттерге көбіне жастар барады, - дейді Арсланбек Мағзұм.

Еске сала кетейік, Қонаев қаласында тазалық сақтамаған тұрғындарға 3 млн теңге айыппұл салынды.

Одан бөлек, БАҚ өкілдері арасында «Таза Қазақстан – Таза Астана» байқауы жарияланды.

Соңғы жаңалықтар