Вашингтонда Израиль елшілігінің екі қызметкері оққа ұшты
АСТАНА. KAZINFORM – 21 мамыр, сәрсенбі күні кешке Вашингтондағы Capital Jewish Museum (Еврейлер мұражайы) алдында Израиль елшілігінің екі қызметкері оққа ұшты, деп хабарлайды DW.

Полицияның мәліметінше, күдікті ұсталған. Ол – Чикагодан келген 30 жастағы Элиас Родригес. Ол мұражай маңында біраз жүрген соң ішке кіріп, төрт адамнан құралған топқа жақындап, екеуін атып тастаған. Қылмыскерді қауіпсіздік қызметі дереу ұстаған. Ұсталған кезде ол «Палестинаға бостандық!» деп айқайлаған.
Израиль елшілігінің өкілі екі қызметкердің Еврейлер мұражайындағы шара кезінде оққа ұшқанын растады. Қаза тапқандар – ер мен әйел, жас жұп болған.
АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social платформасында марқұмдардың отбасына көңіл айтып, болған оқиғаны антисемитизмнің салдары деп бағалады.
АҚШ билігі оқиғаның мән-жайын тергеп жатыр
АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм екі израильдік қызметкердің қаза тапқанын растады.
– Біз бұл оқиғаны жан-жақты зерттеп, қосымша мәлімет алуға күш салып жатырмыз, – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Израильдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Дани Данон бұл оқиғаны «антисемиттік терроризмнің жиіркенішті әрекеті» деп атады. Оның айтуынша, дипломаттар мен еврей қауымына жасалған мұндай шабуыл – «шектен шығу» деген сөз.
Данон АҚШ билігі кінәлілерді қатаң жазалайтынына сенім білдіріп, Израиль азаматтары мен өкілдерін бүкіл әлемде қорғауды жалғастыра беретінін айтты.
Бұған дейін Қытайдағы түнгі базарда атыс болып, екі адам қаза тапқанын жаздық.